Өнермен өрілген өнегелі кеш

 

Қарттық – өмір жолының соңғы аялдамасы емес, көргені мен түйгенін кейінгі буынға аманат ететін өнегелі кезең. Бір ғұмырдың талай белесін артқа тастаған аға буынның әр сөзі мен ісінде ел тарихының ізі бар. Осыны терең сезіндірген тағылымды кеш 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қамысқала ауылдық округінде өтті.

 

 

«Ұрпаққа үлгі – ардагерлер» атты мерекелік концерттің өзгеше өрілуінің өзі көңілге жылу ұялатты. Бұл жолы сахна төріне жастар емес, өмірдің талай белесін артқа тастап, елге еңбегі сіңген ауыл ардагерлері шықты. Кештің жүргізушісі де, әншісі де, күйшісі де – өздері. Сөйтіп, бір кездері ауылдың мәдени өміріне белсене араласқан аға буын өнермен қайта қауышып, көрерменге жастық шақтың жарқын сәттерін сыйлады.

 

 

Шара барысында ауыл әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы ардагерлерді мерекемен құттықтап, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға буынға алғысын білдірді. Бірқатар ардагерге құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

 

 

Кештің шымылдығы ұлттық өнердің құдіретін танытқан күйлермен ашылды. Ардагерлерден құралған фольклорлық ансамбль Ахмет Жұбановтың «Би күйін», Құрманғазының «Балбырауын», «Балқаймақ» шығармаларын орындап, домбыраның қос ішегінен төгілген күй арқылы қазақы рухты қайта жаңғыртты.

 

 

Мерекелік бағдарламада ән мен күй, терме мен би өзара сабақтастық тауып, бір арнаға тоғысты. Гүлшара Еспосинова Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым – әнім» әнін орындап, туған жерге деген сағынышты әуезді әнмен жеткізсе, білім саласының ардагері Айбарша Құрмашова Нұрпейіс Байғаниннің сөзіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевтің «Еңбек» термесін орындады. Қайырденова Махи мен Оңайбаева Бақытжамалдың орындауындағы «Арыс жағасында», «Маржанқыз» әндері де көрермен ықыласына бөленді.

 

 

Ал кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – кезінде ауылдың мәдени тынысына өзіндік үн қосқан «Нарын сазы» вокалды-аспапты ансамблінің жылдардан кейін қайта сахнаға шығуы болды. Бір кездері жастық шағын өнермен өрнектеген азаматтар уақыттың талай белесін артқа тастап, қайта бас қосты. Сахнаға шыққан сәтте олардың өнерімен бірге өткен күндердің елесі де жаңғырғандай.

 

 

Ансамбль мүшелері Ахмет Жұбановтың «Ақкөгершінін», Біржан салдың «Ләйлім шырағын», Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің» әндерін орындап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Бас гитарада Жаншин Тұрсынғали Талихатұлы, ритм гитарада Күзембаев Ғажапбек Маратұлы, клавиште Мұхиденов Жанпейіс Өтепұлы, дауылпазда Мұқанбеталиев Нұрлан Есенұлы өнер көрсетті.

 

 

Кештің көркін ақ жаулықты әжелер де аша түсті. «Нұр әже» ансамблі халық әні «Тойбазарды» орындап, әнге ақжарма тілегін қосты. Ал «Киіз басу» биі арқылы халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін сахна тілімен бейнеледі.

 

 

Ұлттық өнердің тағы бір өрнегі Қазанғаптың «Ақжелең» күйімен жалғасты. Мәдениет саласының ардагері Жанпейіс Мұхиденов күй орындаса, Күзембаев Ғажапбек «Әпитөк» халық әнін, Зульфина Исимова «Ақбаянды» шырқады.

 

 

Білім саласының ардагері Гүлнафис Даулетова қобыздың қоңыр үнімен «Белес» халық әнін орындап, көнеден жеткен сырлы әуенді қайта тірілткендей әсер қалдырды. Жібек Сағидоллақызының «Көңіл толқуы», еңбек ардагері Жаншин Тұрсынғалидың «Жақсы адамдар азаймасын» әндері де кештің мазмұнын тереңдете түсті.

 

 

Бұл кештің ерекшелігі – сахнада тек өнер көрсетілмегенінде. Әр әннің астарында бір тағдыр, әр күйдің өзегінде бір кезең, әр орындаушының жүзінде тұтас бір дәуірдің ізі тұрды.

 

 

Ардагерлердің өнері арқылы көрермен жастық шақтың жалынды күндерін, туған жерге деген сағынышты, елге деген сүйіспеншілікті сезінді.

 

 

Өнер адамды жасына емес, жүрегіндегі сезіміне қарай өлшейді. Мұны Қамысқала төріндегі кеш тағы бір мәрте дәлелдеді. Жылдар жылжып, уақыт өзгергенімен, өнерге деген ықылас пен елге деген махаббаттың ескірмейтіні көрінді.

 

 

Кеш соңында ардагерлерге тағы да құрмет көрсетіліп, олардың ел өміріндегі орны айрықша екені атап өтілді. Расында, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі мен елдің өркендеуіне өз үлесін қосқан аға буынның ғибратты ғұмыры – кейінгіге қалдырған ең үлкен мұрасы.

 

 

«Көңілде ән барда – өмір бар, жүректе арман барда – жас бар» деген сөз осы кештің мазмұнын дәл тапқандай. Қамысқаладағы мерекелік концерт әнмен өріліп, күймен көмкеріліп қана қойған жоқ. Ол ұрпақ пен ұрпақты жалғаған рухани көпірге айналды. Өйткені ардагерді ардақтау – өткенге тағзым ету ғана емес, келер буынға өнеге қалдыру.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ж.СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT