Нарын өңірі – талай таланттарды түлеткен, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қасиетті мекен. Бұл ақиқатты дәлелдеудің қажеті жоқ. Алайда туған жердің даңқын асқақтатып жүрген азаматтарды ардақтау мен олардың шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің жылдық жоспарына сәйкес жергілікті ақын-жазушыларды, сазгерлер мен қаламгерлерді ұлықтауға арналған «Нұралы, Күзембайлар ізіменен...» атты аудандық әдеби-танымдық шара өтті. Кеш «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дәулетияр Жоламан Отарғалиұлының шығармашылығына арналды.
Мәдениет үйінің іші қапырық ыстық болғанымен, поэзия кешіне жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласы мен ақынға деген құрметі одан да ыстық сезілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, тағылымды кештің мақсаты – Нарын өңірінің тарихы мен шежіресін жырлаған ақынның шығармаларын кеңінен насихаттап, жас ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу. Кеш 2016 жылы «Інжу-маржан» бағдарламасы аясында түсірілген бейнежазбамен бастау алды. Онда бүгінде арамызда жоқ ардақты ағалардың ақын туралы естелік әңгімелері мен жылы лебіздері беріліп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл сәттер залдағы көпшіліктің көңілін толқытып, өткен күндердің жарқын естеліктерін қайта жаңғыртты.
Әрі қарай кеш иесінің «Тікіл мен Тікше» дастаны негізінде Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің Ғатау Рамазанов атындағы халықтық театры сахналық көрініс ұсынды. Жалтыр өңірінің батысындағы биік төбеде мәңгілік махаббаттың символына айналған Тікіл мен Тікшенің тағдырлы хикаясы көрермендерді тебірентпей қоймады. Бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен қос ғашықтың мұңды тағдыры арқылы адал сезім мен шынайы махаббаттың құдіреті көркем бейнеленді. Шара екі кезең бойынша ұйымдастырылды.
Алғашқы бөлімде ақынның шығармашылығы жөнінде ой-пікірлер айтылып, оның сөзіне жазылған «Елдігімнің белгісі», «Қазыналы өлке», «Атырау ару қалам» әндері орындалды. Екінші бөлімде жас жеткіншектер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көркем сөз өнерінен бақ сынады. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановқа беріліп, өнер дүлдүлдерін келешек ұрпаққа дәріптеу басты міндет екенін атап өтті. Содан соң ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылығы туралы жылы пікірлерін білдірді. Сонымен қатар ақынның бауырлары мен немерелері ән шырқап, күй тартып, поэзия оқып, өнерлі әулеттің өнегесін көрсетті. Олардың өнеріне тәнті болған көрермендер әулеттің шығармашылыққа жақындығын ерекше ықыласпен қабылдады.
Шарада өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мүтиғолла Насиханов сөз сөйлеп, ақынға шығармашылық табыс тіледі әрі өзінің таяуда ғана жарық көрген «Өркені өскен өңір» кітабын сыйға тартты. Кештің тағылымды сәттерінің бірі –аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллиннің құттықтауы болды. Ол Жоламан Дәулетиярдың поэзия әлеміндегі ғана емес, журналистика саласындағы еңбегіне де жоғары баға беріп, Республикалық Кеңес Марапат алқасының шешімімен берілген «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін табыстады. Содан соң Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат сөз сөйлеп, шығармашылық кешті ұйымдастырудағы негізгі мақсатқа тоқталды. Оның айтуынша, мұндай рухани кездесулердің басты мәні – туған жерден шыққан таланттарды өз еліне кеңінен танытып, олардың шығармашылығын жерлестеріне насихаттау. Ізгі тілегінен кейін Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров пен өзінің атынан ақынның иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде «Нарын таңы» газетінің бас редакторы Жайна Мәлімқожа редакция ұжымы атынан ақынға Құттықтау хат табыстап, қаламы мұқалмай, шығармашылық шабыты толастамасын деген ақ ниетпен қауырсын қалам бейнесіндегі естелік сыйлықты ұсынды. Сонымен қатар бір кездері Жоламан Отарғалиұлымен бірге қызметтес болған өлкетанушы, мемлекеттік қызмет ардагері Мәди Өтеғалиев те жылы лебізін білдірді. Ол ақынмен бірге еңбек еткен жылдардан тағылымды естеліктер айтып, оның азаматтық болмысы мен шығармашылығына жоғары бағасын берді. Ақ тілегін арнаған ардагер қазақы дәстүрге сай ақынның иығына шапан жауып, көпшілік алдында құрмет көрсетті.
Ал кештің екінші кезеңі мектеп оқушылары арасындағы көркемсөз оқу байқауымен жалғасты. Сахна төріне шығуды асыға күткен 13 жас өрен ақын шығармаларын жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Көрермендерді ерекше қуантқан жайт – шалғайдағы Қызылүй мен Жасқайрат елді мекендеріндегі мектептерден келген жас таланттардың өнер көрсетуі болды. Бұл ауылдардан шыққан талапты шәкірттердің әдебиетке деген қызығушылығы мен ізденісі көпшіліктің ризашылығын тудырды. Байқау бір кезең бойынша өтіп, қатысушылар ақын Жоламан Отарғалиұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан сынға түсті. Сахнаға шыққан әрбір оқушының өнерінен болашаққа деген сенім мен талпыныс айқын аңғарылды. Кейбір қатысушылар толқып, өлең жолдарын ұмытып қалған сәттерде көрермендер қол соғып, демеу көрсетіп отырды. Бұл қазақтың «Бетін қақпа, белін бу» деген тағылымды сөзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Жас өнерпаздардың өнерін бағалау қазылар алқасы үшін де оңайға соқпады. Өйткені әр қатысушының дайындығы мен орындау шеберлігі жоғары деңгейде болды. Дегенмен әділқазылар құрамында сөз өнерінің қадірін білетін тәжірибелі мамандар отырды. Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі», айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы, облыстық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Саадат Нұрманов, Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Жұмагүл Машаева және аудандық «Нарын таңы» газетінің І санатты тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағыныш Қайыр әділ бағаларын беруге күш салды. Қатысушылардың деңгейі бір-біріне жақын болғандықтан, қазылар алқасы 13 үміткерді жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөліп бағалауды жөн көрді. Кіші топ бойынша Х.Наубетов атындағы орта мектептің оқушысы Нұрислам Мұстажап жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жасқайрат бастауыш мектебінің шәкірттері Аңсар Сабыр ІІ орынға лайық деп танылса, Сабыржан Манарбек жеңімпаз атанып, І орынды қанжығасына байлады. Ал орта топта жалпы білім беретін Абай атындағы орта мектептің оқушысы Жауһар Балтабекқызы үздік үштікті түйіндеді. Осы мектептің тағы бір оқушысы Аянбек Сағын жүлделі ІІ орынды иеленсе, мектеп-гимназияның шәкірті Айзере Бақтыгерей қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, І орынға ие болды.
– Осындай игі дәстүрдің жалғасып жатқанына аудан тұрғыны ретінде ерекше қуанып отырмын. Жоламан – азамат, Жоламан – журналист, Жоламан – шебер қаламгер. Өнерде де, өмірде де, істе де, сөзде де оның қыры сан алуан. Қазақ «сегіз қырлы, бір сырлы» деп ерекше дарынды азаматтарды сипаттайды ғой. Меніңше, Жоламанның қыры сегізден де асып түседі. Оның бойында сирек кездесетін тамаша қасиеттер бар. Ол өзін көрсетуге де, көзге түсуге де ұмтылмайды. Біз кейде бір-екі ауыз өлең жазсақ, соны тезірек оқуға асығамыз. Ал Жоламан асықпайды. Әр шығармасын қайта қарап, қайта өңдеп, әбден пісіреді. Осы күнге дейін жеке кітабының жарық көрмеуі де – оның шығармашылығына деген үлкен жауапкершілігінің белгісі. Өнері де, өлеңі де, мүмкіндігі де жетіп тұрса да, ол әр дүниесіне талғаммен қарайды. Енді зейнеткерлікке шыққан соң шығармашылыққа көбірек уақыт бөледі деп сенемін. Алдағы уақытта оның том-том еңбектері оқырман қолына тиіп, руханиятымыздың қорын байыта беретініне күмәнім жоқ. Ең бастысы, дені сау болып, шығармашылық қуаты ортаймасын,-деп Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын Адайбек Есекеш ақынның шығармашылығына өте жоғары баға берді.
Осындай тағылымды кештер арқылы туған жердің тарихын жырлаған тұлғалардың еңбегі ұлықталып, кейінгі ұрпаққа насихаттала береді. Руханиятты арқау еткен шара қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, Нарын топырағынан шыққан таланттарға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Ақын шығармашылығына арналған әсерлі кеш көпшілік жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


