Соңғы жылдары қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі талқыланып келеді. Бұрын «отбасының ішкі мәселесі» ретінде қарастырылып, көп жағдайда жабық күйінде қалып келген жайттар бүгінде құқықтық, әлеуметтік әрі қоғамдық деңгейде бағалануда. Өйткені зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне төнген қатер.
Тұрмыстық зорлық - зомбылық тек денежарақатымен шектелмейді. Ол – психологиялық қысым, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу, қорқыту, бопсалау, жүйелі түрде кемсіту сияқты әрекеттер арқылы да көрініс табады. Соңғы уақытта көп айтылып жүрген «сталкинг» ұғымы да осы қатарға қосылды. Сталкинг – адамның еркінен тыс қудалау, мазасын алу, қайта-қайта хабарласып, бақылау жасау арқылы психологиялық қысым көрсету. Мұндай әрекеттер алғашында елеусіз көрінгенімен, уақыт өте келе жәбірленушінің қауіпсіздігі мен психикалық жай-күйіне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Бұл мәселелердің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Осы бағытта ауданымызда бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда.
Жуырда отбасылық - тұрмыстық зорлық - зомбылықтың, сталкингтің және өзгеде құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық Отбасын қолдау орталығы мен аудандық полиция бөлімінің бірлесуімен Абай атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Кездесу барысында жасөспірімдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг, психологиялық қысым көрсету ұғымдары кеңінен түсіндіріліп, олардың алдын алу жолдары, құқықтық жауапкершілік және көмек алу тетіктері туралы нақты ақпарат берілді.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және құқық бұзушылықтың салдарын саналы түрде ұғындыру болды. Сондай-ақ осы тақырыптың аясында түсіндіру жұмыстары 11 ақпан күні аудан прокуратурасының үйлестіруімен және де Отбасын қолдау орталығы мен аудандық полиция бөліміндегі пробация қызметі тобының бірлесуімен пробация есебінде тұрған тұлғалар арасында жалғасын тапты. Кездесу барысында қатысушыларға отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылық, психологиялық қысым
көрсету, сталкинг ұғымдары және олардың құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері, мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгіну тәртібі туралы мәліметтер берілді. Бұл шараның мақсаты – заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастырумен қатар, қоғамға бейімделуге нақты қолдау көрсету.
Қазіргі таңда мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі заң нормаларын қағаз жүзінде білу – бір бөлек, ал оны өмірлік ұстанымға айналдыру – мүлде басқа мәселе. Құқықтық түсіндіру жұмыстары адамның ой - санасына әсер етіп, жауапкершілік сезімін оятады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг – үнсіз қалуға болмайтын құбылыс. Оған көз жұму – құқық бұзушылыққа жанама түрде жол беру деген сөз. Қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру үшін әрбір азамат заң талаптарын біліп қана қоймай, оны құрметтеуі тиіс.
Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты берік орныққанда ғана біз әділетті әрі қауіпсіз қоғам құра аламыз.
Данабек БАПАНОВ,
аудандық Отбасын қолдау орталығының бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маманы



