Нәтижелі жұмыс – дамуға негіз

 

Жыл қорытындысы көбіне көрсеткіштермен өлшенеді. Ал сол көрсеткіштердің артында адамдардың күнделікті өмірі тұр. Жөнделген мектепке барған бала, жарығы жанған көшемен жүрген тұрғын, уақытылы ем алған науқас, жаңа үйдің табалдырығын аттаған отбасы — 2025 жыл Исатай ауданында осындай нақты өзгерістермен есте қалды. Аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы Мусиннің есебінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы құрғақ санмен емес, жүзеге асқан жұмыстардың мазмұнымен өрілді. Әлеуметтік нысандардың салынуы, инфрақұрылымның жаңаруы, кәсіпкерліктің жандана түсуі аудан өмірінің біртіндеп жаңа сапаға ауысып келе жатқанын аңғартады. Әкімнің баяндауынша, атқарылған жұмыстар өткенді түгендеу үшін ғана емес, алдағы кезеңнің бағытын нақтылау үшін сараланған. Әр көрсеткіштің артында тұрғын тұрмысына тікелей әсер ететін шешімдер жатыр. Сондықтан 2025 жыл Исатай өңірі үшін жай қорытынды кезеңі емес, келесі қадамдарға негіз қаланған белес ретінде бағаланды. Ендеше, бір жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстарға салалар бойынша тоқталып, оның аудан өміріне қандай өзгеріс әкелгенін саралап көрелік.

ҚАРЖЫ АҒЫНЫ КҮШЕЙГЕН КЕЗЕҢ

Аудан басшысының баяндауынша, өңірдің даму қарқыны ең алдымен оның қаржылық әлеуетінен көрінеді. Себебі мектеп те, жол да, медицина да, әлеуметтік қолдау да –  барлығы бюджет арқылы жүзеге асады. 2025 жыл ауданымыз үшін дәл осы тұрғыдан алғанда мүмкіндігі кеңейген кезең болған. Себебі жоспарланған қаражат қана емес, нақты түсім де айтарлықтай ұлғайған. Өткен жылға бекітілген аудан бюджеті 7,46 млрд. теңге болса, жыл ішінде бірнеше рет нақтыланып, нәтижесінде 11,38 млрд. теңгеге дейін өсті. Яғни бастапқы жоспар шамамен 3,9 млрд теңгеге ұлғайған. Әрине бұл жыл бойы экономикалық белсенділік күшейіп, қосымша қаржы көздері тартылғанының белгісі. Салыстыру үшін 2024 жылы бекітілген бюджет 5 млрд 931 млн 831 мың теңге болып, нақтыланған көлемі 7 млрд 565 млн 208 мың теңгемен шектелген. Демек бір жыл ішінде аудан бюджетінің ауқымы бірнеше миллиард теңгеге кеңейіп, қаржылық мүмкіндігі жаңа деңгейге көтерілген.

Нұрым Бекежанұлының сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің нақты көлемі 10 млрд 812,6 млн теңгені құрап, жоспар 105,7 пайызға орындалған. Яғни күтілгеннен артық қаржы түсті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 8 млрд 468,2 млн теңге болған. Бір жылда түсімнің 2,3 млрд теңгеден астамға артуы аудан экономикасындағы қозғалыстың нақты дәлелі саналады. Әсіресе жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы назар аударарлық. 2025 жылы жергілікті бюджетке 4 млрд 326,4 млн теңге түсіп, жоспар 115,5 пайызға орындалған. Бұл – салық базасының кеңейгенін, кәсіпкерлік айналымының артқанын және қаржы тәртібінің нығайғанын білдіреді. Қаржының жиналуы ғана емес, оның игерілуі де маңызды. Бюджет қаражатының уақытылы әрі сапалы игерілуі тұрақты бақылауда ұсталған. Бөлінген қаржының нақты жобаларға жетіп, кешіктірілмей жұмсалуына мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі. Осылайша 2025 жылғы қаржылық көрсеткіштер ауданда бюджет тек есептік сан ретінде емес, нақты жұмыс істейтін құралға айналғанын аңғартады. Кіріс көлемінің артуы – жаңа жобаларға жол ашты десек, жоспардан артық орындалуы –экономиканың тұрақтана бастағанының белгісі. Ал бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму қарқынын жеделдетуге негіз қалайды.

 

 

 

ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

Өткен жылдың қорытындысы өнеркәсіпте сандық өсімнен гөрі сапалық бетбұрыс жүріп жатқанын көрсетті.Әкімнің дерегіне сүйенсек, өткен жылы ауданның өнеркәсіп саласы бұрынғы қарқынын сақтағанымен, оның құрылымында маңызды өзгеріс байқалды. Жалпы өндірілген өнім көлемі шамамен 143 млрд теңге деңгейінде қалыптасып, нақты көлем индексі 97,7 пайызды көрсетті. Яғни өндіріс аздап төмендегендей көрінгенімен, бұл құлдыраудан гөрі қайта құрылымдану кезеңіне ұқсайды. Дәлірек айтсақ, аудан экономикасы тек көлем қуалаудан біртіндеп тиімділікке бет бұра бастаған.

–    Бұл үрдіс инвестиция көрсеткішінен де аңғарылады. Негізгі капиталға салынған қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда азайып, шамамен 29 млрд теңгені құрады. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық көп болған. Бір қарағанда бәсеңдеу байқалғанымен, әдетте мұндай өзгеріс ірі құрылыс кезеңінің аяқталып, жаңа жобалардың дайындық сатысына өткенін білдіреді. Яғни қаржы азайған жоқ– оның бағытталу кезеңі өзгерді,-дейді Нұрым Мусин.

 

 

Бұл тұрғыда ең айқын өзгеріс өңдеу өнеркәсібінен көрінеді. Бұл салада өндіріс көлемі бір жыл ішінде 1,6 еседен астам өсіп, 2,7 млрд теңгеге жеткен. Демек аудан экономикасында шикізаттық бағытпен қатар өнім өңдеу үлесі арта бастаған. Көлемі шағын болғанымен, дәл осы сектор ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыратын негізгі тірекке айналатыны белгілі. Алдағы жылдардағы өндірістік келбетті айқындайтын – қазір қолға алынған инвестициялық жобалар. Соның ең ірісі – Қамысқала маңында салынатын сұйылтылған азот пен оттегі өндіретін зауыт. Құны ондаған миллиард теңгеге бағаланған кәсіпорын іске қосылғанда жылына жүздеген мың тонна өнім шығарып, жаңа өндірістік бағыт қалыптастырмақ. Бұл тек бір нысанның ашылуы емес, аудан экономикасының сервистік және технологиялық секторға ойысуының белгісі. Сонымен бірге энергия инфрақұрылымын күшейтетін газ қоймасы мен метан құю станциясы жобалары жүзеге аспақ. Мұндай нысандар әдетте көзге бірден көрінбегенімен, өндіріс пен көлік логистикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін базалық тірек саналады. Яғни болашақ кәсіпорындардың пайда болуына алғышарт қалыптастырады.

 

 

Аққыстауда бой көтеріп жатқан сауда орталығы, базар, қоғамдық тамақтану орындары мен жол бойы қызмет көрсету нысандары да өндірістік тізбектің бір бөлігі. Өйткені өнеркәсіп тек зауыттан тұрмайды – оның айналасында қызмет көрсету, тасымал, сауда және сервистік экономика қатар дамиды. Демек бұл жобалар ауданның іскерлік белсенділігін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға ықпал етеді. Әкімдік тарапынан инвесторларға жер телімін беру, инфрақұрылым тарту және рұқсат құжаттарын рәсімдеу бойынша қолдау көрсетілуі – осы жобалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуына бағытталған қадам. Соның нәтижесінде бүгін дайындалып жатқан өндірістер ертең аудан экономикасының жаңа тірегіне айналуы ықтимал. Жылан жылы өнеркәсіп үшін рекордтық өсім кезеңі болмаса да, оның сапалық өзгерісіне бастау болған уақыт ретінде ерекшеленеді. Шикізатқа тәуелді көлемнен өңдеу мен сервистік бағытқа ауысу ауданның алдағы экономикалық келбетін айқындайтын басты белгі.

 

Жалғасы газеттің №7 (4272) санында

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА, 
фото редакция мұрағатынан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT