Нәзіктік пен жігер тоғысқан дода

 

Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз қарсаңында өңірде ерекше спорттық шара өтті. Халықаралық әйелдер күніне орай әйелдер арасында волейболдан облыстық турнир ұйымдастырылып, бұл жарыс нәзік жандылардың спорттағы белсенділігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Турнир Исатай ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мерекелік шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, әйелдер спортының дамуына серпін беру және командалық рухты нығайту.

 

 

Жарысқа облыстың әр ауданынан келген командалар қатысып, спорт алаңында шынайы бәсеке мен тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр команда ойын барысында ұйымшылдық пен жоғары дайындық деңгейін байқатып, жеңіске деген жігерін дәлелдеуге тырысты. Көрермендер де спортшылардың ширақ қимылдары мен әсерлі шабуылдарына куә болып, ойынның әр сәтін ерекше ықыласпен тамашалады.

 

 

Волейбол алаңында тек шеберлік қана емес, мерекелік көңіл күй мен достық атмосфера да сезілді. Бір-біріне қолдау білдіріп, командалық рухты сақтаған қатысушылар үшін бұл турнир тек жарыс емес, өзара тәжірибе алмасудың, спортқа деген сүйіспеншілікті бөлісудің алаңына айналды.

Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша бірінші орынды Атырау қаласының командасы жеңіп алды. Екінші орын Исатай ауданының волейболшыларына бұйырса, үздік үштікті Индер ауданының командасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Турнир әйелдердің спорттағы белсенділігін арттырып қана қоймай, мерекенің мәнін тереңдете түскен жарқын шаралардың бірі болды. Спорт арқылы бірлік пен жігерді паш еткен нәзік жандылардың бұл додасы алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT