Күнделікті өмірдің қалыпты тынысын қамтамасыз етіп тұрған, көп жағдайда көзге көріне бермейтін саланың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Бұл салада әрқайсысының өз тағдыры, өз тарихы бар жандар еңбек етеді. Солардың арасында тағдыры ерекше өрілген, өзгешелігін әлсіздік емес, керісінше өмірлік күшке айналдырған адамдарда бар. Біздің кейіпкеріміз – дәл сондай жан. Оның жүрегі кеуде қуысының сол жағында емес, оң жағында орналасқан. Көпшілік үшін тосын көрінетін бұл ерекшелік оның өмір жолына кедергі болмаған. Қайта өмірге деген құлшынысын арттырып, алға ұмтылуына жігер берген. 16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында бізге осындай ерекше жанмен жақынырақ танысудың сәті түсті. Арсен Емматұлы – Тұшықұдық ауылының тумасы. 2004 жылдың тамыз айында дүниеге келген ол жастайынан еңбекқорлығымен, мақсатшылдығымен ерекшеленіп келеді. Алғашқы білімін ауыл мектебінде алған Арсен болашақ мамандығын ерте айқындап, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжіне оқуға түседі.
Мұнда «Газбен жабдықтау жүйелері және жабдықтарын пайдалану және монтаждау» мамандығын меңгеріп, өз ісінің қыр-сырын игереді. Білімге деген құштарлығы оны тоқтатпай, оқуын әрі қарай жалғастырады. Ол Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Құрылыс» мамандығы бойынша жоғары білім алып, өз саласының білікті маманы болуға нық қадам жасайды.
Арсеннің еңбек жолы да ізденіспен басталып, 2023 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа орналасып, алғашқы тәжірибесін жинақтайды. Қарапайым операторлық қызметтен бастап, уақытша инспектор, кейін тұрақты инспектор лауазымына дейін көтерілген ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман екенін дәлелдеді. Бүгінде ол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде еңбек етіп, ел игілігі үшін қызмет атқарып келеді.
Жас маманның өміріндегі ерекше жайт 2024 жылдың желтоқсан айында белгілі болған. Әскери қызметке бару мақсатында медициналық тексеруден өткен кезде дәрігерлер оның жүрегінің оң жақта орналасқанын анықтайды. Медицинада бұл құбылыс «декстрокардия» деп аталады және өте сирек кездесетін жағдай екендігін жеткізген.
Аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова бұл ерекшелік туралы біз байланысқан уақытта былай түсіндіріп өтті.
–Декстрокардия – туа біткен жағдай. Жүктіліктің алғашқы кезеңінде ұрықтың жүрегі қалыптасқанда оның орналасу орны анықталады. Бұл кезде ананың денсаулығы, түрлі сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Дегенмен жүректің оң жақта орналасуы адамның өміріне қауіп төндірмейді. Мұндай жағдайда жүрек пен қан тамырлары «айналы» түрде орналасып, өз қызметін қалыпты атқара береді, – дейді ол өз сөзінде.
Бұл ерекшелікке Арсеннің өзі де байыппен қарайды, денсаулығына ешқандай алаңдауға негіз жоқ екендігін тілге тиек етті.
– Мен үшін бұл жаңалық алғашында күтпеген жағдай болды. Әскери тексеруден өткен кезде дәрігерлер жүрегімнің оң жақта орналасқанын айтқанда, шыны керек, таңғалдым. Бірақ мамандар оның денсаулығыма ешқандай қауіп төндірмейтінін түсіндірген соң бұл жағдайды сабырмен қабылдадым. Жалпы адам өмірінде ең маңыздысы – өз денсаулығына сеніммен қарап, алға қойған мақсатына берік болу деп ойлаймын. Мен ешқашан бұл ерекшелікті кедергі деп қабылдаған емеспін. Керісінше, ол маған өмірге басқаша көзқараспен қарауға, әр сәттің қадірін түсінуге үйретті. Бала кезден еңбек етіп, өз орнымды табуға тырыстым. Қай салада болсын жауапкершілікпен жұмыс істеу – мен үшін басты қағида. Қазіргі таңда алған білімімді тәжірибемен ұштастырып, өз ісімде дамуға күш салып келемін. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, біліктілігімді арттырып, ел игілігі үшін еңбек еткім келеді. Әр адам өз ісін адал атқарса, қоғам да алға жылжиды деп сенемін. Сондықтан мен үшін ең бастысы – тоқтамай іздену, еңбектену және алға ұмтылу,- деді ол өзіне деген сеніммен.

Арсеннің жұмысқа деген құлшынысы мен жауапкершілігін, әрине, оны күнделікті бірге көріп жүрген әріптестері жақсы біледі. Біз де осы мақсатта оның жанында қызмет ететін ұжымдастарынан пікір сұраған едік. Әрине, әріптестері де жас маманның еңбегіне лайықты баға береді. Жоғарыда аталған бөлімнің бас маманы Гүлферуза Қазекешова оның кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.
– Арсен – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас маман. Бізбен бірге бір салада табысты қызмет атқара алатын талабы биік жігіт десем, артық емес. Ол әрдайым тапсырманы уақытында әрі сапалы орындайды. Біздің ұжымға келгеніне екі жылдан асты, осы уақыт ішінде өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Жан-жақты, әсіресе компьютер саласын өте жақсы меңгерген. Жақында құрылыс мамандығы бойынша дипломын алып, білімін тағы да нығайтты. Алдағы уақытта оны тек биіктерден көреміз деген сенімім мол. Сондай-ақ Арсеннің мінез-құлқы да көпке үлгі. Жас болса да үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар, байсалды, жауапкершілігі жоғары, ақкөңіл азамат, – деді ол.
Шынында да адамның өмір жолын оның өзгешелігі емес, жігері мен еңбегі айқындайды. Арсен Емматұлының тағдыры – соның айқын дәлелі. Жүрегінің орналасуы бөлек болғанымен оның арманы, мақсаты мен өмірге деген ұмтылысы баршаға ортақ. Ең бастысы – өз ісіне адалдық пен тынымсыз еңбек.
Айта кетейік, ағза құрылысының айна-қатесіз кері орналасуы медицинада тотальді транспозиция деп аталады. Сирек кездесетін бұл ерекшелік әлем бойынша шамамен әрбір 12 мың адамның бірінен ғана байқалады. Дегенмен мамандардың дерегінше, елімізде де мұндай ерекшелігі бар мыңнан астам адам өмір сүруде.
Осындай сирек құбылысқа қарамастан адам өміріндегі басты өлшем – оның жігері мен еңбегі екені анық. Міне, дәл осы тұрғыдан алғанда, Арсен секілді жас мамандардың табандылығы мен жауапкершілігі – қоғамның дамуына серпін беретін негізгі күш. Ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген осындай азаматтар барда кез келген саланың келешегі кемел, болашағы баянды болары сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР

