Он екі жастағы Заңғар ¬ домбыра тартуды ғаламтордан үйренген

Баланың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда өнердің орны ерекше. Әсіресе домбыра – музыкалық қабілетті ғана емес, баланың сабырын, табандылығын, еңбекқорлығын және ұлттық болмысын шыңдайтын қасиетті өнер. Осындай ұлттық өнерді жанына серік еткен жасөспірімдердің бірі – Жұмапиден Заңғар Еркебұланұлы. Бір қызығы, ол білім алып жүрген ауылда арнайы саз мектебі жоқ. Тіпті мектепте музыка пәнінен кәсіби маман да жоқ. Соған қарамастан, қиындықты сылтау етпей, өнерге деген қызығушылығын жоғалтпай, өз бетімен ізденіп келеді. Әрине, «боламын» деген баланың талабын қолдап, қанатын қатайтуға тырысқан ата-анасының қолдауы да бұл жолда айрықша рөл атқарды. Соның арқасында Заңғар ешқандай үйірмеге қатыспай-ақ, YouTube желісіндегі бейнесабақтар арқылы домбыра тартуды өздігінен меңгерді. Қазіргі таңда ол гитарада ойнауды да үйреніп жүр. Заңғардың талпынысы бір нәрсені анық көрсетеді, кез келген өнерді немесе кәсіпті игерудің ең басты шарты – мүмкіндік емес, ынта мен жігер. Ал табанды еңбек пен үздіксіз ізденіс болса, алынбайтын асу жоқ.

 


12 жастағы Заңғар – Исатай ауылының тумасы. Биыл ол Исатай орта мектебінің 7-сыныбының табалдырығын аттамақ.Жасына қарамастан, өнерге деген сүйіспеншілігімен көпшіліктің назарын аударып жүрген талапты жас. Заңғардың домбыраға деген ерекше ықыласын алғаш болып байқаған жан – оның аяулы әжесі. Немересінің өнерге деген шынайы қызығушылығын сезген әжесі Заңғар алтыншы сыныпта оқып жүргенде оған қасиетті қара домбыраны сыйға тартып, ақ батасын береді. Сол сәттен бастап бұл домбыра жас өнерпаз үшін жай ғана аспап емес, жүрегіне жақын ең қымбат қазынасына айналды. Ал әжесінің ақ батасы мен ізгі тілегі оның өнер жолындағы алғашқы әрі ең үлкен қолдауына айналды. Осы ерекше сәттер мен Заңғардың домбыраға деген ықыласы туралы бізге оның анасы Айдана Ерланқызы айтып берді.

– Заңғар – үйдегі тұңғыш немере. Үлкеннің алды болғандықтан, әжесінің ерекше ықыласы мен тәрбиесін көріп өсті. Әсіресе әжесі оның өнерге деген қызығушылығын үнемі қолдап, ақылын айтып, жігерлендіріп отырады. Бұл да баламның домбыраға деген сүйіспеншілігінің арта түсуіне үлкен әсер етті деп ойлаймын. Бүгінде Заңғардың соңынан ерген үш бауыры да ағасына қарап еліктейді. Бізде баламыздың домбыраға деген ықыласын көріп, ұлттық мұраны жалғастыруға қызығушылық танытып жүргеніне шын қуаныштымыз. Мұны көргенде ана ретінде ерекше қуанамын. Ол өз бетімен Нәрі ағашы, Кеңес, Ерке сылқым, Адай, Балбырауын, Көреғұлы, Жастар биі, Ертұран сынды 8 күй үйреніп, қазіргі таңда домбыраны еркін тарта алады. Осы жақыннан бастап гитара үйреніп жүр. Ол гитараны да әкесі алып берген. Балаларымыздың өнерге жақын болып, бір-біріне үлгі болғанын қалаймыз. Ұлымыз сыныптастарының арасында да сыйлы. Оның өнеріне қызыққан ауылдың екі баласы бүгінде Заңғардан домбыра үйреніп жүр. Өзінің білгенін өзгеге үйретіп, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүргені – біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай жауапкершілігі мен жанашырлығы оның азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Домбыраның қоңыр үні ауылымызда әрдайым жаңғырып тұрса екен деймін.Ауылымызда арнайы саз мектебі немесе қосымша үйірмелер ашылса екен дейміз.Балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі үйірмелерге қатыстыруға барлық ата-анада белсенді деп ойлаймын.Қазір бұрынғы замандай емес, әр бала өзінше бірнәрсеге қызығушылығы, икемі болады.Сол бағытта баланы бағыттап, қолдап жіберсек нәтижесі жаман болмасы анық.  Осындай өнерлі, талапты бүлдіршіндер, жастар көбейсе, халқымыздың мәдени мұрасы мәңгі жасай беретініне сенемін,- деді ол өз сөзінде.


Осылайша кішкентай ғана Заңғардың бүгінгі еңбегі мен талпынысы ертең үлкен жетістіктерге бастайды деп ойлаймыз. Оның ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі мен табандылығы алдағы уақытта да талай белесті бағындыратынына сеніміміз мол.
   

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT