Күні кеше аяқталған қасиетті Рамазан айы – мейірім мен сабырдың, кешірім мен ізгіліктің айы. Осы айда адамдар рухани тазарып, жақсылық жасауға, жанашыр болуға ұмтылды. Бұл бағытта мешіттердің ала тын орны ерекше. Тарихы бай іргелі елді мекен - Х.Ерғалиев ауылында ауданда алғашқы болып ашылған мешіт содан беріде ауылдастарға ізгілік нұрын себуге, адамдарды қайырымды және мейірімді етуге діни, имандылық бағытында тәрбие мен үлгі көрсетуге жұмыстанатын орынға айналды деуге болады. Алғашында басқа жақтардан келген діни мамандар мешіттің имамы болып істеді. Олардың қатарында 6-7 жыл осы міндетті атқарған Мақсот Бағытжанов пен Қайрат Хайруллин сияқты азаматтарды атаған лазым. Мақсот діни басылым – «Ислам және өркениет» деген Алматыдағы баспадан ай ына үш рет шығатын газетті мешіт арқылы алдырып, таратуды ұйымдастырды.
Өзі де сырттай оқып, журналистік мамандықтың иесі болып, осы газетте бірнеше мақаласы жарияланды. Соңғы жылдары Жорабек Рамазанұлы имам болғанда мешітте Ораза кезінде ауызашарлар ұйымдастырып, діни мейрам дарды (Ораза, Құрбан айт) атап өтіп, балаларға сыйлықтар, аз қамтылған отбасыларға азық түлік себетін ұйымдастыруды жүзеге асырды. Адамдардың қайсыбірінде мешітке пітір садақаны бермеу керек деген түсінік бар ғой. Ол – олай емес. Керісінше, мешітке беру керек. Мешіт ол қаржыны өзінің қажетіне, қала берді осындай мерекелік шараларды ұйымдастыруға және қайырымдылық шараларына жұмсайды. 20 наурыз күні Қамысқала мешітінде оразаның аяқталуына орай Ораза айт мейрамы атап өтілді. Таңертеңгілік айт намазы оқылғаннан кейін, әдейі осы мейрамға ұйымдастырылған бағдарламалар көпшіліктің қатынасуымен кезек-кезек жүзеге асты. Алдымен, балаларға тәттілер мен дәмді пакеттер үлестіріліп, жүз шамалы бала осындай шағын сыйлықты иеленді. «Берсең, балаға бер!» дегендей, ол сыйлықтар шағын болғанымен балалар қуанып қалды. Наурызнама онкүндігі аясындағы «Ұлттық спорт күнімен» сәйкес келіп отырған осы күнгі шаралардағы спорт жарыстарына да кезек тиді. Оның барысында арқан тартысқа 6 команда қатынасса, кір тасын көтеруде он шақты жас жігіт ортаға шығып, бірінші орынды 10 келілік 2 кір тасын 66 рет көтерген көрсеткішімен Исатай Мұқанбетқалиев есімді азамат жеңіп алды. «Ләңгі тебу» жарысы да қызықты өтті.
Жүлдеден үмітті көптеген жастар бұл ойында да белсенділік танытты. Бір «әттеген-айы» ләңгі дұрыс жасалмапты, оны жасау да шеберлікті керек ететінін білеміз. Ол негізінде қойдың терісінен және қырқылмаған жүнінің ұзындығы 3-4 см болса, жақсы ләңгі болып шығады. Айта кетерлігі, ол ойынға Еркеназ есімді қыз бала да қатынасып, үшінші жүлдені иеленді. Жүлдегерлерге сыйақы мен дипломдар табысталды. 1-орынға - 30 мың, 2-орынға - 15 мың, 3-орынға 5 мың теңге сыйақы белгіленген екен. Ораза айтқа арналған көпшілік мерекелік шаралар мешіт алаңына арнайы тігілген киіз үйдегі дастарханда жалғасты. Оған бастан аяқ қатынасқан ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова, аудандық Зинеден ата мешітінің бас имамы Ерлан Марданов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Ауыл ардагерлері, мешіт жамағаттары да жылы лебіздерін жеткізді. Шара соңында мерекеге арнайы дайындалған «Ораза айт қоржыны» сыйын аз қамтылғандарға өз қолымен табыстаған Қамысқала мешітінің имамы Азамат Аухатұлы да ауылдастарына ізгі тілегін білдірді. Мешіттегі осы бір мейірімділік пен жанашырлық, қамқорлық көріністерінен көңілдеріне көп олжа салған жиналғандар «70 күннен кейін келетін Құрбан айтқа қош келейік» десіп тарқасты.
Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,
ардагер журналист,
қоғамдастық кеңес мүшесі.

