Орталық Азия эко жүйелеріне «жасыл энергеьтканың» қысымы артуда

ашық дереккөзден

 

Өңір елдерінің билігі жаңартылатын энергия көздерін дамыту барысында табиғатқа төнетін қатерлерді жеткілікті ескермей отыр. Орталық Азиядағы қоғамдық экологиялық ұйымдар коалициясы өңірдің бес мемлекетінің тиісті ведомстволарына ұсынымдар пакетін жолдап, жаңартылатын энергия көздері нысандарының жедел қарқынмен салынуы жергілікті экожүйелерге елеулі зиян келтіріп жатқанын ескертті. Экологтардың пікірінше, уақыт өте келе бұл зиян климаттық өзгерістерді азайтудан түсетін пайданы да басып озуы мүмкін.


Жуырда Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындысы бойынша  толықтырылған  құжат энергетика және экология министрліктеріне, халықаралық даму банктеріне және бірқатар үкіметаралық ұйымдарға жолданды. Жел электр стансаларын (ЖЭС), күн электр стансаларын (КЭС) және су электр стансаларын (СЭС) іске қосу қарқыны бойынша өңірдегі көшбасшылардың бірі – Қазақстан. Жасыл энергетика көмір, мұнай және газды алмастырып, болашақта сутегі өндіруге негіз болуы тиіс. Алайда экологтар көтеріп отырған мәселе басқа: қағаз жүзінде экологиялық таза саналатын жаңартылатын энергия жобалары іс жүзінде сирек кездесетін құстардың мекендеу ортасын бұзып жатыр.
Бұл мәселе әсіресе жел энергетикасында айқын көрінеді. Қазақстан мен көршілес мемлекеттер Еуразиядағы құстардың негізгі көші-қон дәліздерінің бірінде орналасқан. Жаңатас және Шоқпар жел электр стансалары орналасқан Қаратау жотасы арқылы жыл сайын 36 мыңнан астам сирек кездесетін бүркіт қоныс аударады.
Телеметриялық деректерге негізделген орнитологтардың есептеуі бойынша, 2011-2021 жылдар аралығында әрбір жел электр стансасында жылына орта есеппен 34 құс қаза болған. Осылайша екі стансаның әсерінен жыл сайын 85-95 бүркіт өледі. Ғалымдар мұны «экологиялық тұзақ» деп атайды: жел стансаларының ықпал аймағындағы ұя салатын аумақтар ондаған жылдар бойы пайдаланылып келеді, ал қаза болған құстардың орнын басқан жаңа дарақтар да сол тағдырға ұшырайды.
Қарағанды облыстық экологиялық музейінің маманы Тиль Дитрих: «Орнитологиялық деректер ескерілмей орналастырылған жел электр стансалары қоныс аударатын құстар үшін тұзаққа айналады. Зиянды азайтатын техникалық шешімдер бар, бірақ оларды мемлекет міндетті талап ретінде бекіткен жағдайда ғана тиімді болады»,-дейді.
Қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан жобалардың бірі – Svevind Energy компаниясының Үстірт үстіртінде іске асыруды жоспарлаған Hyrasia One жобасы. Оның аясында 5 мыңнан астам жел турбинасы мен ондаған миллион күн панелі орнатылмақ. Инвестиция көлемі шамамен 50 миллиард еуроны құрайды.
Жоба алаңы Үстірт қорығына жақын орналасқан және онсыз да саны күрт азайып кеткен қарақұйрық пен Үстірт арқарының популяцияларына қауіп төндіреді. Сонымен қатар Кендірлі және Қаракөл шығанақтарында 20 мыңнан астам су құсы шоғырланады және бұл аумақтар Рамсар конвенциясының талаптарына сәйкес келеді.
Күн электр стансаларының табиғатқа әсері жел электр стансаларына қарағанда азырақ болғанымен, олардың да тәуекелдері бар. КЭС-ке қажетті электр желілері мен жолдар құстар мен жануарларға қауіп төндіреді, қоршаулар ірі тұяқты жануарлардың көшу жолдарын бөгейді, ал бұрын адам аяғы сирек басқан аймақтарға қолжетімділіктің артуы браконьерлікті жеңілдетеді.
Су энергетикасында да ұқсас жағдай қалыптасқан. Балқаш-Алакөл бассейнінде 2000 жылы 10-ға жетпейтін бөгет болса, 2026 жылға қарай салынған немесе салынып жатқан СЭС саны шамамен 50-ге жетті. Тағы 45 гидроэлектростанса жобасы жарияланған. Олардың барлығы дерлік таулы өзендерде орналасады. Әрбір бөгет өзен жүйесін бөлшектеп, су мен шөгінді ағысын өзгертеді және балықтардың қозғалысына тосқауыл болады. Мұнда бөгеттердің саны ғана емес, олардың өзен бассейніндегі орналасуы да маңызды.
Қауіп төніп тұрған эндемик түрлердің қатарында:
* Балқаш маринкасы;
* Балқаш алабұғасы;
* Ортаазиялық кәмшат;
* Жетісу бақатісі бар.
Іле өзеніндегі Қапшағай су торабы жайылма тоғайлар мен балықтардың уылдырық шашуына қажет көктемгі тасқындарды азайтады. Ал Жоңғар Алатауындағы Қора өзенінде салынған Қора ГЭС-тер каскады бұрын қар барысының мекені болған аңғардың табиғи келбетін түбегейлі өзгертті. Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы қоғамдық қорының директоры Нұрлан Оңғарбаевтың айтуынша, мәселенің түпкі себебі – мемлекеттік саясаттағы климаттық күн тәртібі мен биоалуантүрлілікті сақтау саясатының бір-бірінен бөлек жүргізілуінде. «Бүгінде өңір елдерінің көпшілігінде климаттық саясат пен биоалуантүрлілікті қорғау саясаты жоспарлау деңгейінде өзара байланыспайды. Энергетикалық ауысуды табиғатты қорғаумен үйлестіруге болады, бірақ ол үшін жаңа мақсаттар емес, шешім қабылдау тәртібін өзгерту қажет»,-дейді ол. Бұл алшақтық ресми құжаттардан да байқалады. Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртектік бейтараптық стратегиясында және 2035 жылға дейінгі ұлттық үлесінде экожүйелерді сақтау мәселесі өте аз қозғалған. Ал Париж келісімі мен Куньмин–Монреаль биоалуантүрлілік жөніндегі жаһандық негіздемесі табиғатты қорғауды климаттық мақсаттармен тікелей байланыстырады.
Коалицияның пікірінше, биоалуантүрліліктің азаюы өз алдына ұзақ мерзімді климаттық қауіп болып табылады, алайда бұл фактор әзірге тиісті деңгейде есепке алынбай келеді. Сондай-ақ, қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттары көбіне нақты есептеулерге емес, сарапшылардың болжамдарына сүйеніп жасалады және тәуелсіз тексеруден өтпейді. Осы қайшылықтарды жою үшін экологтар:
* энергетикалық ауысу инфрақұрылымын бекітпес бұрын стратегиялық экологиялық бағалау жүргізуді;
* барлық ЖЭК нысандарының жиынтық әсерін есепке алуды;
* жаңа станцияларды бұрыннан бүлінген өндірістік аумақтарда орналастыруды;
* ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен биоалуантүрлілік үшін аса маңызды жерлердегі жобаларды аукциондарға жібермеуді;
* барлық ЖЭК жобалары үшін табиғатқа әсерді міндетті мониторингтеуді және экологиялық бағалауларға тәуелсіз аудит жүргізуді;
* өзен экожүйелерін сақтау мақсатында еркін ағатын соңғы өзендерді қорғауға алуды;
* су қоймаларынан экологиялық су жіберу нормаларын белгілеуді ұсынып отыр.

Арман ЖҰМАҒАЗИЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, 
География және туризм кафедрасының аға оқытушысы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT