15 мамыр – Халықаралық отбасы күні аясында Нарын ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» атты танымдық шара өтті. Тағылымды кештің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеу.
Кешке ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген, өнегелі тәрбиесімен көпке үлгі болып жүрген көпбалалы отбасылар қатысты. Шара барысында отбасының қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесінің маңызы және шаңырақтағы сыйластық пен бірліктің рөлі кеңінен сөз болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл өміріне белсене араласып, түрлі қоғамдық шараларда өздерімен қатар ұрпақтарының да белсенділігін танытып жүрген отбасылар арнайы марапатталған. Оларға ауылдық округ әкімінің алғыс хаттары табысталып, ізгі тілектер айтылды.

Ісшара барысында қатысушылар отбасы берекесі, ата-ана өнегесі мен ұлттық құндылықтар төңірегінде ой бөлісіп, әсерлі әңгімелер айтылды. Мұндай шаралар жас ұрпақтың бойына отбасыға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ж.СЕМБИЕВА

