Отбасы – ұлттық құндылықтар ұясы

 

Бүгінгі күні, яғни 15 мамырда төрткүл дүние жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Бұл күн 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясымен бекітілген екен. Бұл негізінен әлемнің түрлі мемлекеттеріндегі қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасының қазақ ұғымындағы орны ерекшелігін ескерсек, бұл атаулы күннің де айтарлықтай орны барын бағамдай білсек абзал.

Жалпы алғанда, адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі саналатыны да дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл ретте жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам жасалар жер. Осы ретте оны адам өмірінің алғашқы баспалдағы деуге келеді. 

Шынында да отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтынын айтады мамандар. Оның негізгісі баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – отағасы мен отанасының, яғни әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, сол сияқты басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқаруы, бір-бірін құрметтеуі, сыйлауы – бәрі де отбасындағы бала үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Алайда халқымыздың отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән осындай құндылықтарға кері әсер етер көріністердің де жиі байқалатын болғанын аңдаймыз. Мысалы, қазіргі тұрмыс құрған жастардың, тіпті ақыл тоқтатқан дейтін жасқа келгендердің де ажырасуға деген бейімділігі – соның бірі. Мамандар ажырасу санының жыл сайын ұлғаю үрдісі байқалатынын айтып, дабыл қаққаны да бар. Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы десек, толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарға (құқық бұзушылыққа, суицидке, өз-өзіне сенімсіздікке) душар етеді екен.

Ал бүгінде ауданда 5275 отбасы бар. Әр шаңырақ – ұлттың ұйытқысы, қоғамның ажырамас бөлігі. Сол отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұрпақ елдің ертеңін қалыптастырады. Сондықтан отбасы бірлігін сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және саналы ұрпақ тәрбиелеу қашанда маңызды. Әсіресе көп балалы аналарды қолдау, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жастар арасында отбасы институтының маңызын насихаттау жұмыстары назардан тыс қалған емес. Сонымен қатар аудан көлемінде мәдени-көпшілік шаралар, тағылымдық кездесулер мен тәрбиелік жобалар арқылы отбасы бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге басымдық берілуде. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 сәуірде қол қойған №853 Жарлық. Аталған құжатқа сәйкес республикадағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізіліп, өңірлерде отбасын қолдау бағытындағы нақты жұмыстарды күшейту міндеті қойылды. Бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қиын жағдайға тап болған жандарға жан-жақты көмек көрсетуге жол ашты. Осы мемлекеттік саясат аясында және «Аmanat» партиясының хаттамалық ұсынысы негізінде Исатай ауданында да ауқымды жұмыстар қолға алынды. 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Отбасын қолдау» орталығын құруға қатысты құжаттамалық жұмыстар басталып, сол жылдың 15 мамырында мекеме Атырау облысы Әділет департаментінде заңды тұлға ретінде ресми тіркеуден өтті. Ал 2023 жылдың шілде айынан бастап аудан орталығындағы дербес бөлімдер ғимаратының №62 бөлмесінде орталықтың кеңес беру пункті өз жұмысын бастады. Бұл орталықтың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмекке мұқтаж жандарға бағыт-бағдар беру. Әсіресе, қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасындағы жанжалдар мен зорлық-зомбылықтың салдарын азайтуда орталықтың рөлі ерекше.

Орталық директоры Гүлнара Хайреденованың айтуынша, мекеме мамандары аудан көлеміндегі жайсыз отбасылармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңестер беріледі. Қызмет алушыларға шұғыл түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жеке қабылдаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар арнайы психолог пен заңгер мамандар әр отбасының мәселесіне жеке тоқталып, нақты көмек көрсетуге күш салады.

Кей жағдайда адамдар өз мәселесін ашық айтуға қорқып, көмек сұрауға жүрексінеді. Осындай сәтте орталық мамандары тұрғындардың сеніміне кіріп, олардың құқықтық сауатын арттыруға, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге басымдық береді. Өйткені кез келген отбасының тағдыры – қоғам тағдыры. Бір отбасының берекесі бұзылса, оның әсері тұтас ортаға сезілері анық. Бүгінде мұндай орталықтардың жұмысы тек кеңес берумен ғана шектелмейді. Олар отбасындағы дау-дамайды ушықтырмай шешуге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және әлеуметтік осал топтарға бағытталған нақты тетіктерді жүзеге асыруға ықпал етуде. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі.

– Биыл орталық тарапынан 16 түрлі әлеуметтік-профилактикалық шара ұйымдастырылды. Оның қатарында мектеп оқушылары мен әлеуметтік сала мамандары арасында өткен Quiz интеллектуалды ойындары, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған кездесулер, профилактикалық түсіндірме жұмыстары, көп балалы және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға азық-түлік түріндегі қайырымдылық көмектер бар. Сонымен қатар сталкингтің, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ұлттық тәрбие мен ұрпақ сабақтастығын насихаттау мақсатында «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында «Әжемнің ертегісі» жобасы ұйымдастырылса, Наурыз мерекесі аясында «Салт пен сана: жастар тәрбиесіндегі ұлттық бағдар» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Бұдан бөлек «Ашық есік» күні, Аналар күніне арналған «Әйел – қоғамның тірегі» атты психологиялық тренинг секілді тағылымы мол шаралар өткізілді. Біз тек қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетумен шектелмей, тұрғындар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық тәрбие мен өзара сыйластықты насихаттауға да басымдық береміз,-дейді Гүлнара Саматқызы.

Иә, «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Отбасының орнын ерекшелей түскен бұл даналықтың қай уақытта өмірге келгенін дөп басу қиын. Десек те әңгіме онда емес, әңгіме оның Отанды сүю сол отбасынан екенін ерекшелеп тұрғаны. Шынында да өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмақ емес. Атасы мен әжесінің «айналайынынан» нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл болып өсетіні анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған. Ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет жеткіншектің алдағы өмірінің бағдаршамындай болары сөзсіз. Сөзіміздің дәлелі аудандық ардагер аналардың бірі, ардагер ұстаз және аудандық әжелер ұйымының төрайымы Күлаш Түсекенова – ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты жан. Ол Гурьев педагогикалық институтының «Бастауыш кластар педагогикасы мен методикасы» мамандығын тәмамдап, саналы ғұмырының 45 жылын ұстаздық қызметке арнады. Еңбек жолында аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, «Ұстазға мың алғыс» төсбелгісінің иегері болды. Талай шәкірттің білім алып, өмірден өз орнын табуына себепкер болған ұстаздың еңбегі ел жадында. Өмірлік серігі ауданның Құрметті азаматы, ардагер мұнайшы  Самат Қабделов аға екеуі 1978 жылы шаңырақ көтеріп, содан бері ынтымағы жарасқан отбасы ретінде көпке үлгі болып келеді. Жарты ғасырға жуық уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жанұя бүгінде бес баладан тараған ұрпақтың қызығына кенеліп отыр. Олар үш немере мен сегіз жиен тәрбиелеп, үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналған.

Күлаш апайдың айтуынша, отбасының берекесі – бірлік пен сыйластықта.

– Шаңырақтың шайқалмауы ең алдымен түсіністікке байланысты. Ерлі-зайыпты қандай жағдайда да бір-біріне сүйеніш бола білуі керек. Баланың тәрбиесі де ата-ананың өзара қарым-қатынасынан басталады. Үйде мейірім мен татулық болса, ұрпақ та тәрбиелі болып өседі, Отбасы – мейірім мен махаббаттың, сенім мен сыйластықтың мекені. Адам қандай биікке көтерілсе де, оның өміріндегі ең қымбат құндылықтың бірі – отбасы болып қала береді. Себебі бақытты отбасы – бақытты қоғамның негізі. Ал берекелі қоғам – қуатты мемлекеттің кепілі. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру және ұлттық тәрбиені ұлықтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазақ халқы қай заманда да отбасы ұғымын ұлттың рухани тірегі, тәрбиенің алтын бесігі ретінде бағалаған. Себебі адам баласының алғашқы тәлімі мен өмірге деген көзқарасы, бойындағы адамгершілік қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады,-дейді ол.

Ардақты ана отбасы құндылығы ұрпақ санасына сөзбен емес, өнегемен даритынын айтады. Сондықтан ол өмір бойы ұстаздық жол мен аналық міндетті қатар алып жүріп, балаларына адал еңбек пен адамгершілікті басты құндылық ретінде сіңіре білді. Бүгінде Күлаш Түсекенова ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, отбасы бірлігі мен ұлттық тәрбиенің маңызын насихаттап келеді. Оның тағылымды өмір жолы – берекелі отбасының, баянды тірліктің және аналық парасаттың жарқын үлгісі.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені десек, ол әуелі осы отбасында туған, отбасынан өріс алған. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ. Ол үшін рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермей, ұрпақтарымыздың сол бұлақ суынан қанып ішуін ойлауымыз да керек, ойлануымыз керек. Ал оның бәрі отбасынан бастау алады. Отбасы – ұлттың тірегі деуіміз де содан.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT