Биыл «Балаларға бірге көмек берейік!» атты айдармен өткізіліп жатқан «Мектепке жол» республикалық акциясы – жыл сайын жалғасын тапқан жақсы дәстүр.
Оның барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсетуге, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алуға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсетуге бей жай қарамайтындардың аз еместігі құптарлық. Бұл ретте балаларға жақсылық жасап, мейірімін танытып, көмегін көрсету арқылы қуаныш сыйлап келе жатқандардың арасында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық комитеті» филиалы да бар.
Тамыздың 1-інен бастап қыркүйектің отызына дейін жалғасатын акцияға осы жолы өз үлестерін қосуды ұмыт қалдырмаған аталған кәсіподақ ұйымы аудан бойынша білім беру мекемелерінде жұмыс жасайтын кіші қызметкерлердің және мектеп қабырғасында 5 және одан да көп балалары оқитын кәсіподақ мүшелерінің 35 баласына ақшалай сыйлық ұйымдастыруды жоспарлап отыр. «Берсең, балаға бер!» деген, үлкендер үшін әр баланың қуанышы маңызды.
Ағзила ҚЫДЫРАЛИНА,
филиал есепшісі



