Отыз жыл сақталған қамшы

 

Жанбай ауылының 85 жастағы тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Теміртас Игіліковтің үйіне сәлемдесе барғанымызда төрінде ілулі тұрған ерекше сәнді қамшыға көзіміз түсті. Қамшы дегеніңіз халықтық қалпымызды, ұлттық құндылығымызды да ойға оралтар қымбат бір дүние саналады ғой. Біз қызығушылық танытқан соң «Е, бұл қамшының тарихы бар. Бұл Нарын өңірінің шебер өрімшісі Жүнісқалиев Жұмақұл ақсақалдан жеткен құнды сый» деді ол. 

Теміртастың айтуынша, ол ертеректе құм өңірінде малшы болған өрімші Жұмақұлды 80 жасында көріпті. Жиек шағылда «Жақсылық» деген жерде салынған малдәрігерлік пункттің қасында Жұмақұл қыстауы (Жабас әулие зираты да алыс емес) тұратын. Ол қазіргі Нарын ауылының тұсында, жақын жерде. Ұзақ уақыт осы қыстауды мекен еткен.

-1963 жылы зоотехникалық-малдәрігерлік институтты бітіріп келіп, «Забурын» кеңшарына мал дәрігері болып қызметке орналасқан едім. Құмдағы малшыларға барған кезде ақсақалға соғып, сәлем беріп тұрдық,-дейді Теміртас. - Сонда байқағаным, үнемі қасында қамшы жасайтын құралдары, шикізаттары, бояулары тұратын. Қамшы саптайтын тобылғыны даладан теріп, жинап әкелетін.

Жұмақұл қамшының нешебір түрін – дойыр қамшы, ат қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, шыбыртқы қамшы, т.б. жасауды білетін.  Қамшыларды түріне қарай екі таспа, үш таспа, төрт таспа, алты таспадан өретін. Таспаны тіліп қырнап, сыдырып, өңделуіне қарай жуан, жіңішке қылып шығаратын. Өрілгеннен кейінгі үлгісі жұмыр, төрт қырлы, алты қырлы болып шығады.  Ең бастысы, терінің иленуіне, таспаның тілінуіне, өрілуіне аса мән бергендіктен қамшысы сапалы да сәнді өнім боп шығатын.

Бәрі үйлесім тапқанымен қамшының сабы сай болмаса, бір бұрауы кемдей көрінеді. Далада топталып өсетін тобылғы ағашы келе-келе қатайып, берік болады және ыстық-суыққа төзімді келеді, жарылмайды. Сондықтан Жұмекең қырда өсетін осы ағашты таңдады. Тек тобылғыны уақытында алу керек, ал оны қамшыға сапқа дайындайтын мезгіл - желтоқсан айы. Өсімдік майымен тазалап, сүртіп, көлеңкелі жерде кептіріп, содан кейін ғана қамшыға сап жасауға қолданды.

Теміртастың айтуынша, Жұмақұл өрімші қамшы қазақ халқында мал айдайтын немесе атқа отырғанда тұлпардың арынын күшейтіп отыратын құрал ғана емес, ер жігіттің бағын ашар, қиындықта құтқарып алар сенімді серігі, «ер қаруы – бес қарудың» қызметін атқаратын бұйым деп есептейтін. Сондықтан ежелгі дәстүр бойынша азамат ат-көлікке мінгенде қамшысы қолында, қонышында, білегінде, белінде, ердің алды-артында ілулі тұрады.

Халқымызда «Қамшыда кие болады», «Қамшыда ие болады», «Қамшыда айбар болады», «Қолына қамшы ұстаған азамат айбарлы көрінеді», «Қамшы ілінген үйге жын-жыбыр кірмейді» деген мақал-мәтелдер тегін айтылмаған.

«Қазіргі жастарымыз көне кезден бүгінге жеткен киелі жәдігер - қамшының қасиет-қадірін, киесін, дәстүр тағылымын, сымбаты мен сипатын жете білуі керек» деген пікірде саналы өмірін мал шаруашылығын өркендетуге арнаған Теміртас ақсақал.

Жұмақұлдың інісі Қапиздың баласы Сағатбайдан алған деректеріміз Жұмекеңнің өнегелі өмірін одан әрі толықтыра түскендей. Ресейдегі төңкерістен кейін тіршіліктің қамымен Еділдің бойына, Красный Яр жаққа көшкен Жүнісқали сол жақта балық өндірісінде өзі де, ержеткен балалары да жалданып жұмыс жасайды. Елден өздерімен бірге айдап әкеткен малдарын өсіреді. 1938 жылы баласы Жұмақұл бір топ ағайынымен бірге туған жерге қайта көшеді. Келгеннен кейін ұжымдастыру саясатын қолдап, бір бөлек малдарын ұжымшарға өткізіп, оған мүше болып кіреді. Көзі ашық, шаруаға пысық Жұмақұл соғыс жылдарында аңшылар бригадасының бригадирі болып, ұжымшарға пайдасын, ауылдастарына көмегін тигізеді. Аң терілерінен киім тігуді ұйымдастырады. Ал ұжымшар малшыларының қамшыға сұранысы артқан кезде өрімшілік өнерді үйреніп, оны қартайған шағында да қалдырмай, серік еткен. Кеңшарда жылқышылықтан зейнеткерлікке қалады. Жұбайы Жақсыбайқызы Нәсіп екеуі Дияш, Ханым, Бақыт, Жасталап атты ұрпақтарын өсірген. Бейіті Сазанқұрақтың тұсындағы Есжан қауымында.  

Бұл әңгіме жанбайлық Т.Игіліковтің үйіндегі Жұмақұл өрімшінің көзін-дей көріп, 30 жылдан бері сақтап келген тобылғы сапты қамшысынан туындады. Оны фотосуретке де түсіріп алдық (суретте). Қамшы қазақ халқының қолөнері мен тұрмыс-тіршілігіндегі көне мұраға айналған жауhар жәдігер ғой.

                Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
         өлкетанушы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT