Қамысқала ауылдық округіндегі №129 сайлау учаскесінде дауыс беру науқаны қарқынды жалғасуда. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосуда. Солардың қатарында Қазақстанның параспортшысы, қол күресінен әлемдік додалардың бірнеше дүркін чемпионы Аслан Қайрушев те бар.
Танымал спортшы сайлау учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді. Ол бұл күннің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысуы қажет екенін айтты.
– Әрбір дауыс – болашаққа жасалған қадам. Біз елдің дамуына, тұрақтылығына өз үлесімізді осылай қоса аламыз. Сондықтан бүгінгі таңдау – келешек үшін жауапкершілік, – деді спортшы.
Спорттағы табандылығы мен ерік-жігері арқылы талай биікті бағындырған Аслан Қайрушевтің бұл қадамы көптеген тұрғындарға үлгі болып отыр. Оның пікірінше, қоғамның белсенділігі мен бірлігі ел дамуының басты кепілі.



