Параспортшы Аслан Хайрушев референдумда өз таңдауын жасады

 

Қамысқала ауылдық округіндегі №129 референдум учаскесінде дауыс беру науқаны қарқынды жалғасуда. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосуда. Солардың қатарында Қазақстанның параспортшысы, қол күресінен әлемдік додалардың бірнеше дүркін чемпионы Аслан Хайрушев те бар.

Танымал спортшы референдум учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді. Ол бұл күннің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат референдумға қатысуы қажет екенін айтты.

– Әрбір дауыс – болашаққа жасалған қадам. Біз елдің дамуына, тұрақтылығына өз үлесімізді осылай қоса аламыз. Сондықтан бүгінгі таңдау – келешек үшін жауапкершілік, – деді спортшы.

Спорттағы табандылығы мен ерік-жігері арқылы талай биікті бағындырған Аслан Хайрушевтің бұл қадамы көптеген тұрғындарға үлгі болып отыр. Оның пікірінше, қоғамның белсенділігі мен бірлігі ел дамуының басты кепілі.

Референдум учаскесіне келген сайлаушылар да танымал параспортшының азаматтық белсенділігін жоғары бағалап, мұндай үлгі жастарға да, үлкендерге де жігер беретінін айтты. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT