Париж төрін бағындырған өрендерге домбыра тарту етілді

 

Күллі әлемге қазақтың төл өнерін паш етіп, ел мерейін асқақтатқан Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің «Әсем-ай» дәстүрлі ән тобы туған жерге абыроймен оралды. Жас өнерпаздардың халықаралық деңгейдегі жетістігі еліміздің ақпарат құралдарында яки әлеуметтік желіде кеңінен жарияланып, көпшілік тарапынан жоғары бағасын алуда.

 

 

Бүгін Атырау жұртшылығы теміржол вокзалында өнерлі өрендерді сән-салтанатпен қарсы алып, ерекше ілтипат танытты. Ал бұл сәт өнерпаздар үшін ғана емес, күллі өңір тұрғындары үшін де үлкен қуанышқа айналды.

 

 

Салтанатты қарсы алудан кейін жас таланттарды облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов арнайы қабылдады. Жиын барысында өнерлі жастардың жетістігіне жоғары баға беріліп, олардың болашағына сенім білдірілді.

 

 

Осылайша, облыс әкімінің орынбасары «Әсем-ай» дәстүрлі ән тобының жетекшісі Әсем Бахитова мен өнер мектебінің басшысы Ербол Ақтановқа Алғыс хат табыстап, шынайы жылы лебізін жеткізді.

 

 

Ол өз сөзінде жас өнерпаздардың жетістігі – ел руханиятының биіктігін көрсететін маңызды көрсеткіш екенін атап өтіп, балаларға шығармашылық табыс тіледі.

 

 

Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен Париж қаласынан жеңімпаз атанып оралған он бес жас өренге ұлттық өнердің айнымас белгісі – домбыра тарту етілді. Бұл – жас дарындарға көрсетілген зор құрмет пен қолдаудың айқын дәлелі десе де болар.

 

 

Аталған шараға Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, Исатай ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутат Нұрлан Қайырденов, Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, сондай-ақ Өнер мектебінің басшысы Ербол Ақтанов қатысып, жас таланттардың өнеріне жоғары баға берді.

 

 

«Әсем-ай» дәстүрлі ән тобының жетістігі – ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдейтін жарқын мысал. Жас өнерпаздардың бұл жеңісі – қазақ мәдениетінің әлемдік сахнада өз орнын айқындап келе жатқанын көрсетеді.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР,

Суреттер авторы: Ерлан Алтыбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT