Погон таққан ару

 

Нәзік жандар үшін құқық қорғау қызметі оңай сала емес екені анық. Бұл қызмет алдымен қайсарлықты, табандылықты, адалдық пен әділдікті, төзімді талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, сол салада абырой биігінен көрініп жүрген жандардың қатарында  аудандық полиция бөлімінің қызметкері Гүлзада Абуқызы Сапаева да бар.

Полиция қызметін көпшілік сырттай тәртіп пен заңның сақталуын қадағалайтын мамандық деп санағанымен, оның ар жағында талай тағдыр, үлкен жауапкершілік жатыр. Әсіресе бұл саланың ауыр жүгін нәзік иығымен көтеріп жүрген әйел азаматтардың еңбегі әрқашан бағалануы тиіс.

Гүлзада Абуқызының құқық қорғау саласындағы еңбек жолы 2004 жылы басталды. Аудандық полиция бөлімінің ақпараттық-аналитикалық тобына техник болып қабылданған жас маман сол күннен бастап тәртіп сақшысы деген қырағылықты талап етер кәсібіне адалдық танытып келеді. Жылдар өте келе тәжірибесі толысып, кәсіби біліктілігі шыңдалған ол 2018 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қызмет қылады.

Ұзақ жылғы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2023 жылы «Қазақстан полициясына – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің І дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Бұл – қызметке деген адалдықтың, тынымсыз еңбектің және кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі.

– Құқық қорғау саласында әйел адамдарға жүктелетін жауапкершілік өте көп. Біз ер-азаматтармен тең дәрежеде жұмыс атқарамыз. Өйткені бұл саладағы жұмыс ер немесе әйелдікі деп бөлінбейді. Бәріміз бірдей өз міндетімізді ойдағыдай атқаруға жұмыстанып келеміз. Барлығымыздың мақсатымыз бір – қылмыстың алдын алу және қылмыспен күресу. Жалпы, қандай мамандық болмасын, оның өз қиындығы болады. Бірақ сол қиындықты жеңе білген адам ғана биік мақсатқа жетеді. Сондықтан мен де өзге әріптестерім сияқты жауапкершілікті әрдайым бірінші орынға қоямын. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, оған үлкен мұқияттылықпен қараймыз. Заң талаптарын басшылыққа алып, әділ шешімнің қабылдануына күш саламыз, – дейді кейіпкеріміз.

Шындығында, полиция қызметкерінің жұмысы уақытпен санаспайды. Бұл – бір. Екіншіден, кей кездері бір істің ақиқатына жету үшін оның түрлі қиындықтары болса да қашқалақтамай, табандылық пен төзім таныту керек болады әрі мұндай сәттер жиі болып та тұрады. Сондай-ақ тәртіп сақшыларынан адам жанын терең түсіне білу де қажет етілетіні бар. Осындай кездерде кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілік қасиеттер де алдыңғы қатарға шығады.

Міне, осы бір сындардан да сүрінбеген Гүлзада Сапаева жиырма екі жылдық еңбек жолында өзін қызметіне адал, ісіне мұқият, әріптестері арасында сыйлы маман ретінде таныта білді.

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай аруларымыздың да арқасында қоғамда тәртіп пен тұрақтылық салтанат құрып келеді. Осы ретте Гүлзада Абуқызының еңбегі құқық қорғау саласындағы нәзік жандылардың да қайсарлық пен табандылықтың үлгісі бола алатынының бір дәлелі.

Жұлдыз АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT