Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне және «Нашақорлыққа қарсымыз!» ұраны аясында аудан жастары арасында мекемелер қызметкерлерінен құралған командалар арасында «Qyzmet Cup – 2026» кіші аяқдоп турнирі өтті.

Турнир барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін танытып, жеңіске деген жігері мен командалық бірлігін көрсете білді. Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы зиянды әдеттердің, соның ішінде нашақорлықтың алдын алу. Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған турнир жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға, ел бірлігі мен ұйымшылдығын нығайтуға бағытталды. Екі күнге созылған спорттық додаға ауданның әртүрлі мекемелерінен 12 команда қатысып, өзара тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды «ЖайықМұнайГаз» командасы иеленсе, «Білім бөлімі» командасы күміс жүлдені місе тұтты. Ал қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан – «Атырау Жарық» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Турнир қорытындысында командалық жетістіктермен қатар, жекелеген ойыншылардың шеберлігі де арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Атырау Жарық» командасының ойыншысы Бекзат Шапихов турнирдің «Үздік ойыншысы» атанса, «Білім бөлімі» командасының аяқдопшысы Еламан Қалиматов «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. Сондай-ақ медицина қызметкерлері командасының намысын қорғаған Амандық Әбілжанов көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, «Көрермен көзайымы» атағын иеленді. Ал мұнайшылар сапында өнер көрсеткен Данияр Аққалиев өзінің сенімді ойынымен ерекшеленіп, турнирдің «Үздік қақпашысы» атанды.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


