Аудан әкімі аппаратының жалпы, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бергі жеті айда аудан бойынша жеке және заңды тұлғалардан 423 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға артық. Келіп түскен өтініштердің ішінде 242 хабарлама, сұрату мен үн салу, 128 арыз, 50 ұсыныс және 3 шағым тіркелген. Арыздардың негізгі бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты болған.
Міне осы өтініштерді қарау сапасын арттыру және «е-Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмысты жетілдіру мақсатында ауданда Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының талаптарына сәйкес әдістемелік оқыту семинары ұйымдастырылды. Оған Атырау облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жазира Қайырова мен Азаматтарды қабылдау орталығының басшысы Адина Кемалова қатысып, жауапты мамандарға әдістемелік әрі консультациялық көмек көрсетті.
Семинар барысында жолданымдарды қарау тәртібі, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізудің ерекшеліктері, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру және іс жүргізу барысында кездесетін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Аудан әкімі аппаратының жалпы, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Мейрамгүл Құрасованың айтуынша, мұндай оқыту жұмыстары өтініштерді заң талаптарына сай қарау сапасын арттыруға ықпал етеді.
– Иә, мұндай семинарлардың маңызы зор. Жыл басынан бері өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 114 әкімшілік шешім қабылданды. Оның 62-сі өтініш иесінің пайдасына шығарылса, 52-сі заң талаптарына сәйкес қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім болды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 70-бабына сәйкес, осындай 52 шешім бойынша өтініш иелеріне өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін алдын ала тыңдаулар өткізілді,-деді Мейрамгүл Күнтуғанқызы.
Әдістемелік оқыту семинарына аудандық мәслихат аппаратының, дербес бөлімдердің, ауылдық округ әкімдіктерінің, білім беру ұйымдарының және аудандық орталық аурухананың жауапты қызметкерлері қатысты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар халықтың талап-тілегін дер кезінде ескеріп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.
Ж.ИСЛАТ


