Исатай батыр есімін иеленген аудан – тарих пен тағдыр тоғысқан, еңбекпен еңсесін тіктеген, уақыт сынынан сүрінбей өткен өңір. Каспийдің толқыны мен Нарынның құмы куә болған бұл өлке талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Бірақ қай кезеңде де елдің еңсесі түспеді, керісінше, тәуелсіздікпен бірге қайта түлеп, жаңғырудың жаңа белесіне көтерілді. Осындай өткені өнеге, бүгіні өрлеуге толы аймақтың шежіресін жүйелеп, оның елді мекендерінің қалыптасу жолын, тұлғалар тағдырын тұтас қамтыған жаңа еңбек оқырманға жол тартты. Су жаңа еңбектің авторы – тарихшы-өлкетанушы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мүтиғолла Насиханов жүз дана болып жарық көрген туындысына «Өркені өскен өңір» деген айшықты атау берген.
Бұл еңбек – жай деректер жиынтығы емес. Автор туған жердің әрбір белесін, әрбір елді мекеннің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, өңірдің даму логикасын, тарихи тамырын тереңнен тарқатады. Каспий жағалауы мен киелі Нарын құмын жайлаған елдің жаңару жолы, елдік мұрат жолында тер төккен тұлғалардың өнегесі кітапта жан-жақты әрі түсінікті тілмен өрілген. Қаламгердің бұған дейін 2023 жылы жарық көрген «Киелі мекен – Құм Нарын» еңбегі оқырман тарапынан жылы қабылданғаны белгілі. Ал жаңа кітап сол ізденістің заңды жалғасы ретінде өңір тарихын кең ауқымда қамтып, мазмұндық тұрғыдан тереңдей түскен.
Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруы-мен өткен кітаптың тұсаукесер рәсімі мазмұнды да мәнді кешке ұласты. Тағылымды шараға мекеме басшылары, жергілікті өлкетанушылар, ардагерлер, кітапханашылар мен оқырман қауым қатысып, рухани дүниеге деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартты.

Жаңа туындыда ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендердің қалыптасу тарихы, өңірдің кешегісі мен бүгіні, туған жердің тағылымды шежіресі кеңінен қамтылған. Автор ел тарихын дерек пен дәйекке сүйене отырып, оқырманға түсінікті әрі тартымды тілмен жеткізеді. Кеш барысында аудандық орталық кітапхананың библиографы Маусым Тулеуишова кітапқа жан-жақты шолу жасап, оның мазмұны мен ерекшелігіне тоқталды. Ал шараның құрметті қонақтары – аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов және өлкетанушы Мәди Өтеғалиев жаңа еңбек туралы өз ойларын ортаға салып, туындының маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты сәтте аталған қонақтар кітаптың тұсауын кесіп, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар мәслихат төрағасы ұжым атынан авторға сый-сияпат табыстап және аудан әкімінің Құттықтау хатын ұсынып, құрмет көрсетті.
Автордың өлкетану бағытындағы ізденістері бұған дейін де назардан тыс қалған емес. Оның туған жер тарихына қатысты мақалалары республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде үздіксіз жарияланып, оқырман қауымның қызығушылығын туғызып келеді.
Жаңа туынды Алматы қаласындағы «Сардар» баспа үйінен жарық көріп, мазмұндық құрылымымен де ерекшеленеді. Кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде ауданның қалыптасу кезеңдері мен даму жолы кеңінен қамтылса, «Туған жердің тұғырлы тұлғалары» бөлімінде ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өнегелі өмір жолы баяндалады. Ал «Фотосуреттер сөйлейді» бөлімінде тарихи сәттер мен ел жадындағы маңызды кезеңдер фотодеректер арқылы көрініс тапқан.

Жергілікті қаламгер, еңбек ардагері Мұрат Бектенов өз сөзінде автор еңбегіне жоғары баға беріп, ізгі тілегін жеткізді.
– Туған өлкенің тарихын түгендеп, оның әрбір елді мекені мен өңірін терең зерделеп, көркем тілмен айшықтай білген кітап авторына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – елдің ескі қазынасын жаңғыртып, ұрпақ санасына қайта сіңірген құнды еңбек. Осындай туындылар арқылы кейінгі буын өз ауданымыздың ауылдары мен елді мекендерінің өткенімен танысып, тарихын біліп өседі. Кітап жазу – үлкен еңбек пен табандылықты талап ететін жауапты іс. Сондықтан автордың бұл ізденісі ерекше құрметке лайық. Қаламыңыз мұқалмай, шығармашылық шабытпен әлі де талай мазмұнды дүниелермен оқырманды қуанта беріңіз,-деді ол.
Салтанатты шара соңында сөз алған Мүтиғолла Атоллаұлы жиынға арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп,ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Қаламгер жаңа еңбектің жазылу барысы мен мазмұнына да тоқталып өтті.
– Кітаптың таныстырылымына келіп, ой-пікір, ұсыныстарын білдірген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бұл еңбекте келтірілген деректердің барлығы толықтай дәл осылай болды деп кесіп айту оңай емес. Дегенмен қолда бар мәліметтерді барынша жинақтап, саралап, оқырманға ұсынуға тырыстым. Әр деректің шынайылығына көз жеткізуге күш салдым. Уақыт өте келе кейбір мәліметтер толықтырылып, нақтылануы да мүмкін. Бұл – тарихқа тән табиғи үдеріс. Соған қарамастан, оқиғалардың мерзімін, жылын, мүмкіндігінше нақты беруге ерекше мән бердім. Еңбек ауданға қарасты барлық 18 кітапханаға, сондай-ақ Айбас, Қызылүй, Жасқайрат ауылдық кітапханаларына жеткізілетін болады. Мұндағы мақсат – туған жер тарихын кеңінен насихаттап, елді мекендердің қалыптасу кезеңдерін көпшілікке қолжетімді ету,-деді кітап авторы.
Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, «Өркені өскен өңір» – туған жер тарихын түгендеп, ел жадын жаңғыртатын құнды еңбек. Мұндай туындылар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, туған өлкеге деген құрметін арттыра түседі.
Жұлдыз СЕМБИЕВА


