Өркендіктердің өзекті мәселесі шешілді

 

Аққыстау ауылдық округінің Өркен елді мекені тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі оң шешімін тапты. Бұл мәселе аудан әкімінің халықпен кездесулерінде де, жеке қабылдауларында да бірнеше мәрте айтылып келген болатын. Нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды нысан – жаяу жүргіншілер көпірі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Аққыстау ауылы мен Өркен елді мекенін жағалай Бақсай каналы өтеді. Аталған каналдың Өркен елді мекені аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірі 2011 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы 41 метрді, ені 1,10 метрді құрайтын бұл нысан сол уақыттан бері күрделі де, ағымдағы да жөндеу көрмеген еді. Мұның салдары жылдар өте келе көпірдің конструкциялары тозып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қауіп төндіретін жағдайға жеткізген болатын. Әсіресе мектептердегі оқу маусымы кезінде оқушылар үшін бұл ерекше алаңдаушылық туғызған.

Осыған байланысты Аққыстау ауылдық округі әкімдігінің тапсырысына сәйкес биылғы мамыр айында көпірге жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын «Universal Surveycom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып шықты. Нәтижесінде көпір толықтай жаңартылып, тұрғындардың каналдың екі бетіне еркін әрі қауіпсіз қатынауына мүмкіндік жасалды.

 

 

Көпірдің ашылу салтанатында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин бұл игі істің маңыздылығына тоқталды.

– Бұл көпір Өркен тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген өзекті мәселелерінің бірі еді. Халықтың өтінішіне құлақ асып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал еткен аудан және ауылдық округ басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ең бастысы – тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Осындай көптің игілігіне бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенемін, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Жаңартылған көпір бүгінде тұрғындардың игілігіне қызмет етіп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік беріп отыр. Өркен елді мекені аумағындағы каналдың арғы бетінде небәрі 7 үй орналасқанымен, ондағы үлкен-кіші тұрғындардың орталыққа күнделікті қатынасы үшін көпірдің маңызы зор. Бұл - қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, көтерілген мәселені дер кезінде шешудің нақты көрінісі. Елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған мұндай жұмыстар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Өркендіктер өз кезегінде игі іске қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ауылдың өркендеуі жолындағы жұмыстардың жалғасын табуына тілектестіктерін жеткізді.


Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT