ҰРЛЫҚ – ҰСАҚ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

 

«Түйе ұрлаған да – ұры, түйме ұрлаған да – ұры» дейді дана халқымыз. Ұрлықтың үлкені мен кішісі болмайды. Біреудің ала жібін аттау – азын-аулақ дүние болсын, қомақты мүлік болсын, заң алдында жауапкершілікке әкелетін әрекет. Иә, заң бар, тәртіп бар. Бірақ қылмыстың алдын алу тек заң талабымен шектелмейді. Тұрғынның өз мүлкіне мұқият болуы, малын қараусыз қалдырмауы, үйі мен көлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі де маңызды. Себебі кей жағдайда қылмысқа жол ашатын нәрсе – күрделі жағдай емес, қарапайым сақтықтың болмауы. Ауданда ұрлық қылмысының ахуалы қандай? Соңғы уақытта қандай мүлікке қатысты қылмыс жиі тіркелуде? Қылмыстың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тұрғындар өз мүлкін қорғауда нені ескеруі керек? Осы мәселелер төңірегінде аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Алтынбек Дүйсекешовпен әңгімелестік.


– Алдымен аудан бойынша ұрлық қылмысының қазіргі ахуалына тоқталсаңыз. Қандай ұрлық түрі жиі кездеседі және оның алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ұрлықтың алдын алу – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталып, олардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Ауданымызда ұрлықтың ішінде мал ұрлығы жиі кездеседі. 2026 жылы аудан бойынша 6 ұрлық фактісі анықталды. Оның 4-еуі сотқа жолданса, 1 іс бойынша тараптар өзара келісімге келген. Қылмыстың алдын алуда әкімшілік учаскелердегі бақылау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қылмысқа ықпал ететін жағдайларды анықтау маңызды. Негізгі мақсат – қылмыс жасалғаннан кейін оны ашумен ғана шектелмей, оның алдын алу.


– Ұрлыққа көбіне азаматтардың өз мүлкіне немқұрайлы қарауы да себеп болып жатады. Үйін, малын немесе көлігін қауіпсіз сақтау үшін тұрғындар қандай қарапайым шараларды ескеруі керек?

– Ең алдымен, әр азамат өз мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Мал иелері төрт түлігін қараусыз қалдырмай, қора-жайдың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені жөн. Малдың есепке алынуы, таңбасы және басқа да сәйкестендіру белгілерінің болуы да маңызды. Бұл ұрланған малды іздестіру кезінде үлкен көмек береді. Үйден шығарда есік-терезенің жабық екеніне көз жеткізіп, мүмкіндігінше сенімді құлып, күзет дабылы немесе бейнебақылау орнатқан дұрыс. Үйдің ұзақ уақыт бос болатынын көпшілікке жария етпеу де сақтықтың бір түрі. Көлік пен өзге де мүлікті қараусыз қалдырмау қажет.


– Бейнебақылау жүйесінің ұрлықтың алдын алудағы рөлі қандай? Күмәнді адам немесе көлік байқалған жағдайда тұрғындар не істеуі керек?

– Бейнебақылау – қылмыстың алдын алуға және жасалған қылмысты ашуға көмектесетін құралдардың бірі. Камера арқылы оқиғаның уақытын, адамның немесе көліктің қозғалысын анықтауға мүмкіндік болады. Сондықтан жеке үйлердің, аулалардың және кәсіпкерлік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оның маңызы зор. Тұрғындар күмәнді адамды немесе көлікті байқаса, оған бейжай қарамай, полицияға хабарлағаны дұрыс. Мұндай ақпарат кей жағдайда қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді.  Ең бастысы – уақыт жоғалтпау. Азамат 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуы немесе аумақтық полиция бөлімшесіне жүгінуі керек. Өтініш тіркеліп, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті тексеру және тергеу амалдары жүргізіледі. Сонымен қатар оқиға орнына қол тигізбеу маңызды. Есік, терезе, құлып, заттар немесе өзге де нысандарда қылмысты ашуға көмектесетін іздер қалуы мүмкін. Сондықтан олардың орнын өзгертпей, мүмкіндігінше сол күйінде сақтау қажет. Бұл мамандардың оқиға орнын зерттеп, қажетті дәлелдерді анықтауына мүмкіндік береді.


– Уақытыңызды бөліп, маңызды мәселеге қатысты түсінік бергеніңіз үшін рақмет.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT