Жеңіс күні... Бұл – сол бір сұрапыл жылдарды ел жадынан ешқашан шығармауға себепші болған күн. Талай тағдырды тас-талқан қылған қанқұйлы соғыстағы осынау қасиетті жеңісті қазір әркім әрқалай бағалап, әртүрлі пікір білдіріп жүргені де рас. Алайда бір нәрсе анық, ол - неміс фашист басқыншыларымен болған сол соғыстағы Отан үшін деп от кешкендер мен «Бәрі де жеңіс үшін!» деп тер төккендердің ісі ұрпаққа ұран болған ұлы ерлікке айналғандығы. Соғыстың жеңіспен аяқталғанына қаншама уақыт өтсе де мың-миллиондардың төккен қанымен, берген жанымен келген ол күннің Кеңестер Одағы аталған алып елдің айшықты мерекесіне айналып, КСРО тарағаннан кейін де жұртшылықтың жадынан өшпей, жыл сайын аталып өтуі дәлел дер едік. Ал сол ерлікті үлгі тұтып жетілген аға буын өкілдері кейінгі жас буынға оны тағылымды тәбәрік қылып келе жатқанын тағы ешкім жоққа шығара алмайды. Оған да, міне сексен бір жыл толыпты.
Сол бір сұрапыл жылдар бүгінде Исатай, ол кезде Новобогат аталынған аудан өмірінде де қауырт жағдай қалыптастырды. Ер азаматтар әскери комиссариаттың шақыру қағазымен лек-лек болып майданға аттанып жатты. Олар майдан даласында ерлікпен шайқасты.
Бүкіл елдің барлық қам-қарекеті соғыс жағдайына бейімделгені сияқты, аудандағы төрт балықшы ұжымшарының балықшылары да Каспий флотилиясы қарамағына беріліп, дивизион құрамында әскери тәртіптегі жұмысқа көшірілді. Олар қыста мұз астынан (ақан тартып), жазда теңіздің тереңінен балық аулады. Балықшылар киіммен, азық-түлікпен жеткілікті жабдықталды.
Мал шаруашылығымен айналысатын ұжымшарларға мал басын көбейту, ет, сүт, жүн өнімдерін мол өндіру міндеттелді. Қызыл Армия қажеттілігіне іріктелген аттар майданға үздіксіз жіберіліп жатты. Осыған байланысты жылқы малына соғыс көлігі ретінде ерекше маңыз берілді. Жылқыны шығынға ұшыратқандар былай тұрсын, жауыр еткен, мініске тай, құнан, биені пайдаланғандар да жауапқа тартылатын болды.
Соғыс жылдарында көтеріңкі міндеттеме алып, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталинге хат жолдау дәстүрі де болды. Бұл үшін облыс, ауданның басшы қызметкерлері ауылдарға келіп, хатты талқылап, көпшіліктің оған қол қоюын ұйымдастыратын. Мұның жауапкершілігі күшті болды, әрі ол адамдардың патриоттық сезімдерін оятты. 1944 жылы 5 ақпанда баспасөзде Новобогат ауданы малшыларының мал шаруашылығын өркендету жөнінде республикалық социалистік жарысты өрістету туралы Үндеуі және оны мақұлдаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы жарияланды. Бұл Үндеу жер-жерде қолдау тапты, ал бастама иелері уәделеріне сай жұмыс істеп, бұрынғыдан да үдеген қимыл танытты.
Әйгілі Бауыржан Момышұлы «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деп елдегі осынау еңбекті өте жоғары бағалады. Расында да ауылда қалған, белі қатпаған бала мен жер таянған қарттың, үйге де, түзге де бірдей болған әйел, қыз-келіншектердің Ұлы Жеңіске қосқан үлестері орасан. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажымас қайсарлықпен көтере білді.
-«Біз соғыс уақытында, бала болсақ та, қандай қиындыққа да шыдадық. Анамызға қолғабыс қылып, елмен бірге бел жазбай еңбек еттік»,-дейді солардың бір өкілі, бүгінде жасы 94-ке келіп отырған тұщықұдықтық тыл ардагері Есқалиева Раш апа.
1945 жылы Жеңістен кейін майданға кеткен жігіттер топ-тобымен елге оралып жатты. Оның ішінен 31 новобогаттық жауынгер майдан даласында ауыр жарақат алып, мүгедек болып оралды. Ауылда ең бір қуанышты күндер қайта басталды. Көптеген жерлестеріміз омырауларын орден-медальдарға толтыра келді. Олардың арасында атақты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының көзіне түскен төрт жауынгерлік орденнің иегері, тұщықұдықтық Әжігерей Қалымов, бірнеше жауынгерлік орден алған орпалық Минаж Нәріков сияқты ержүрек Нарын перзенттері болды. Забурыннан - Омар Көшкінбаев, Құрмет Шамақов, Құрман Таңқашев (Исатай батыр ұрпақтары), Рахметолла Күншекеев, Шапағат Әбілов, Ізім Хамитов, Манаштан - Әмірғали Есмағанбетов, Зейнолла Шайхиев, ІІ,ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері Ибат Карымов, Меңдіғали Мырзағалиев, Нәсір Нұрмашев, Жұмағазы Жиенғазиев, Жанбайдан – Есім Қоржынов, Әжіғали Сидақов, Жамбылдан – Қайырсапа Қазиханов, Иманғали Жұбанов, ағайынды Жүнісовтер ел намысын абыроймен қорғады.
Қамысқалалық Ғатау Қабиев та солардың бірі еді. «Ғатау да 1942 жылдың 6 қаңтарында бірге туған және немере ағалары Бақтыгерей, Әділгерей, Жағыпарлармен майданға аттанады. Ғатекең әуелі 33-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясында атқыш, кейіннен 21-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында бөлімше командирі болады, Украина, Белоруссия, Прибалтика республикаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады. Әйгілі Курск доғасы үшін болған сұрапыл соғысты да көріп, от ортасында жүрді ол. Көптен күткен Жеңіс күнінен кейін де әскер қатарында болған Ғатау аға туған жеріне 1945 жылдың 11 қазан күні бір-ақ оралады.
Ауылға Ұлы Отан соғысының 2 топтағы мүгедегі болып оралған Ғатаудың соғыс кезінде, одан кейін алған марапаттары да жетерлік. Олар - Жоғарғы Бас Қолбасшы, Мемлекет басшысы И.В.Сталиннің Алғыс хаты; ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені; ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені; «Қызыл Жұлдыз» ордені; «Ерлігі үшін» медалі; «1941-45 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске - 20 жыл», «25 жыл», «30 жыл», «40 жыл», «50 жыл» мерекелік медальдары; «Еңбек ардагері» медалі; «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медалі; Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенконың құттықтауы және басқалары. Ғатау туған жерге аман оралған аудандағы майдангерлер арасында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған үш соғыс ардагерінің бірі болатын...» деп жазды кейін ол туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ибатолла Сәтенұлы.
Ал майданда ерікпен қаза тауып, елге оралмаған боздақтар қаншама?. Олардың есімдері ауылдық округтер орталықтарындағы, аудан орталығындағы монумент тақталарға жазылып, ұрпақтар жадында жатталып келеді.
Ауданның бір топ қыз-келіншектерінің Сталинградты қалпына келтіру, қаланы тазарту жұмыстарына қатысуы да ерлікпен пара-пар іс еді. Олардың қатарында Нағима Ғабдешова, Рәзия Бегманова, Қамария Қабдрахманова, Қабира Исаева және басқалары болды. Қанды қырғынның ізі қалған қалада жанкештілікпен жұмыс қылған олар жайлы да айтылып, жазылып, ұрпаққа үлгі етіліп келеді.
...Иә, сұрапыл соғыстың аяқталғанына да биыл сексен бір жыл толып отыр. Сол бір ел басына күн туған сын шақтағы ұрпаққа ұран болған ерлік істер ешқашан ұмытылмақ емес.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


