Ұрпақтарға ұласқан мұра

ашық дереккөзден

 

«Наурызнаманың» төртінші күні – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымыз дәріптеліп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы қазақстандықтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үндейтін шаралар өткізілетіні белгілі.

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.

Шаңырақ – отбасы белгісі. Сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салт болған. Жалпы, Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлау қолға алынған алғашқы кездері Наурызнама аясындағы Шаңырақ күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар екендігі қазір де ойға оралады.

Қасиетті шаңырақ хақында әңгіме өрбіп, ой ортаға салынып, көріністер де қойылатын игі шаралар ауданда биыл да жалғасын тапты. Мәселен, «Отбасы – алтын шаңырақ» тақырыбында өткен шара да солардың бірі болды. Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде өткен бұл шара ауылдағы «Айжұлдыз» бөбекжай-бақшасы ұжымы мен ауылдағы аналар кеңесі ұйытқы болған «Ерулік» қойылымы еді. Қойылым барысында  отбасының бірлігі, ананың мейірімі, әкенің жауапкершілігі көркем сахналық көріністер арқылы мазмұнды жеткізілді. Оны тамашалауға жиылғандарға мағынасы мол көрініс жақсы әсер қалдырды. Шарада бөбекжай тәрбиеленушілері де ән айтып, би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе кішкентайлардың шынайы өнерге ұмтылысы мен сахнадағы еркіндігі көпті тәнті етті. Ал аналар кеңесінің мүшелері болса, отбасының қоғамдағы рөлі туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, жас отбасыларға ақыл-кеңестерін берді. Ұлттық дәстүрлер кеңінен көрініс тапқан шара рухани тәрбиеге бай мазмұнда өтті.

Осы күні Исатай ауылында ауылдық клуб қызметкерлерінің ұйытқы болуымен өткен Шүренбаевтар отбасындағы тағылымды кездесу де шаңырақ тақырыбына арналды. Кездесу барысында ұйымдастырушылар ардагер теміржолшы Құрманбай Шүренбаевтың отбасындағы күнделікті тыныс-тіршілікпен, қалыптасқан отбасылық дәстүрлерімен және ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтарымен таныс-ты. Отбасы мүшелері болса өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністік, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету секілді қасиеттердің маңыздылығын атап өтті. Осы жүздесуде ұлттық салт-дәстүрлердің сабақтастығы, отбасының қоғамдағы рөлі, болашақ иелері – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру тақырыптары да жан-жақты қозғалды, еркін пікір алмасылды. Шүренбаевтар шаңырағының берекелі бірлігі, ынтымаққа негізделген өмір салты мен ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігі көпке үлгіге жарап, өзгелерге үлкен ой салуымен әсерлі болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT