Өнердің ғұмыры сахнамен өлшенбейді. Шынайы өнерпаздың үні мен сахнадағы бейнесі уақыт өткен сайын халық жадында жаңғырып, кейінгі буынға рухани мұра болып жетеді. Аудан мәдениетінің қалыптасуы мен өркендеуіне өзіндік үлес қосып, сахна мен ән өнерін қатар алып жүрген сондай тұлғалардың бірі – Серікқали Қинешов. Ол – Ғатау Рамазанов атындағы «Халықтық» театрдың негізін қалаушылардың бірі. Әншілік қабілетімен ел ықыласына бөленіп, актерлік шеберлігімен сахна төрінде талай бейнені сомдаған өнер иесі. Еңбегі еленіп, «Сахна аппалоны» номинациясына ие болған оның шығармашылық жолы аудан мәдениетінің шежіресімен сабақтасып жатқан сырлы тарих. Өнерпаздың сахнадағы ізін кейінгі буынға таныту, шығармашылығын дәріптеп, өнерге деген құрметті арттыру мақсатында Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет ұжымдары арасында «Ән мен сахнаны қатар бағындырған – сырлы өнер иесі» атты байқау өтті.

Өнер додасына Қамысқала мәдениет үйі, Исатай ауылдық клубы және аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары қатысты. Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар Серікқали Қинешұлының репертуарынан бір әнді жанды дауыста орындады. Байқаудың екінші кезеңі қатысушылардың актерлік шеберлігін танытуға арналды. Бұл кезеңде мәдениет қызметкерлері шағын сахналық қойылымдар ұсынып, өздерінің образ сомдау шеберліктерін көрсетті. Қамысқала мәдениет үйінің ұжымы «Біздің бригада» атты авторлық қойылымын сахналап, кеңестік кезеңдегі шөп шабу науқанын көрерменнің көз алдына әкелді. Қойылым арқылы сол кезеңнің тыныс-тіршілігі, еңбек адамдарының болмысы мен естеліктері әсерлі жеткізілді. Исатай ауылдық клубынан Нұржамал Бөлекбаева Мұхтар Шахановтың «Ғайша» монологын орындап, жеке актерлік шеберлігін байқатты. Ал аудандық «Жалын» мәдениет үйінің ұжымы атақты Шаншар театрының «Қошан» атты тамашалық көрінісін ұсынып, көрерменді күлкіге кенелтті. Осылайша байқауға қатысушылар әншілік қабілетімен ғана емес, сахнадағы актерлік шеберлігімен де көпшіліктің көңілінен шықты. Бір сәтте көрерменді күлдірсе, енді бір сәтте толқытып, ойға жетелеген өнер кеші мазмұнды өтті.


Байқау соңында әділ қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, өз пікірлерімен бөлісті. Әділ қазы алқасының төрағасы, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат сайысқа қатысушылардың өнеріне тоқталып, мәдениет саласының бүгінгі тынысы жөнінде өз ойын ортаға салды.

– Осындай ауқымды шараға ауданымыздағы санаулы мәдениет ошақтарының қатысуы – мәдениет саласындағы жұмыстардың жай-күйін де аңғартатыны сөзсіз. Дегенмен байқауға қатысып, өз өнерлерін ортаға салған әріптестерімізге алғысымыз шексіз. Әсіресе Исатай ауылдық клубының ұжымына ерекше ризашылығымды білдіремін. Бір басшы, бір маманнан құралған шағын ұжымның үлкен шығармашылық ұжымдармен қатар өнер көрсетуі – өз алдына үлкен еңбек әрі ерлік. Аз құрамға қарамастан, өнерге деген сүйіспеншіліктерін, ізденістерін көрсете білді. Барлық қатысушыларға шығармашылық табыс тілеймін, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынға Исатай ауылдық клубынның ұжымы лайық деп танылса, жүлделі ІІ орын аудандық «Жалын» мәдениет үйіне бұйырды. Ал ерекше дайындықпен келіп І орынды жеңіп алған Қамысқала мәдениет үйі жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталып, қатысушыларға алғыс білдірілді.

Серікқали Қинешұлының өнер жолын дәріптеген бұл байқау – бір ғана өнер сайысы емес, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың шығармашылық ізденісін шыңдайтын, сахна мәдениетін қалыптастыратын тағылымды шара.

Өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, ән мен сахнаны қатар бағындырған Серікқали ағамыздың шығармашылық жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Осындай өнер иелерінің есімін ұлықтап, мұрасын насихаттау – ұлттық өнеріміздің сабақтастығын сақтаудың бірден бір жолы болмақ.




Еркебұлан УАЛИТХАН


