Сахнаға ғашық жүрек

 

Өнер – жүректің үнін халыққа жеткізетін киелі әлем. Ал сахна – сол сезімді шынайы жеткізе алатын жандардың мекені. Соның ішінде театр – адам жанының терең иірімдерін ашып, көрерменге ой салатын ерекше өнер ордасы. Әрбір қойылым – өмірдің бір көрінісі, әрбір рөл – адам тағдырының бір бөлшегі. Сондықтан театр сахнасына шығатын әр актер тек кейіпкерді сомдап қана қоймай, көрермен жүрегіне жол табуға ұмтылады. Осындай қасиетті сахнаны өмірінің мәніне айналдырған жас таланттардың бірі – Атырау Жастар театрының актрисасы Дильназ Маратқызы. Өнерге деген сүйіспеншілігі бала күнінен басталып, бүгінгі күні кәсіби сахнада өз жолын қалыптастырып келеді. Жас актрисаның шығармашылық ізденісі, еңбекқорлығы мен сахнаға деген адалдығы – қазақ театрының болашағына деген сенімді арттыра түсетін жарқын мысал.

Зинеден ауылында дүниеге келген Дильназ Маратқызының балалық шағы ән мен өнерге жақын ортада өтті. 2003 жылы өмірге келген ол әкесі Марат пен анасы Тоғжанның шаңырағында 2 ұл, 3 қыздың арасында тәрбиеленді. Отбасындағы жылылық пен қолдау, әсіресе ата-анасының сенімі оның бойындағы өнерге деген сүйіспеншіліктің ерте оянуына ықпал етті. Кішкентайынан сахнаға, музыкаға ерекше ықылас танытып өскен Дильназдың жүрегінде өнерге деген ұшқын бала күнінен-ақ байқалды. 2008 жылы ауылдағы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған сәттен бастап, оның шығармашылық жолы айқындала түсті. Мектеп қабырғасында жүрген жылдары Дильназ үшін сахна – жай ғана өнер көрсететін орын емес, оның жан дүниесін ашатын ерекше кеңістікке айналды.

 

 

Мектептегі мерекелік кештерде, мәдени шараларда ол ән шырқап, көрермен ықыласына бөленіп, ұстаздарының да, сыныптастарының да мақтанышына айналды. Уақыт өте келе оның таланты тек мектеп сахнасымен шектелмей, түрлі деңгейдегі байқауларда жарқырай көрінді. Дильназ аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі шығармашылық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, «Фариза оқулары» ән байқауынан аудандық І орын, облыстық ІІІ орын иеленсе, Қадыр Мырзағалиев ән байқауында аудандық І орын, облыстық ІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар «Абай әндері» байқауында аудандық және облыстық кезеңдерде І орын алып, республикалық деңгейде Семей қаласында өткен байқаудан Алғыс хатпен марапатталды. Патриоттық әндер байқауында да аудандық кезеңінде І орын, ал облыста ІІ орын иеленіп, өзінің жан-жақты талант иесі екенін дәлелдеді. Оның өнер жолындағы жетістіктеріне бағыт-бағдар беріп, алғаш болып талантын таныған жандардың бірі – музыка пәнінің мұғалімі Шынар Тілекейқызы болды. Ұстазы жас шәкіртінің қабілетін дер кезінде байқап, оны түрлі байқауларға дайындап, әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Ұстаз сенімі мен еңбегі Дильназдың шығармашылық жолына үлкен серпін берді. Дильназ тек өнермен ғана шектелмей, спорт саласында да белсенділік танытты.

 

 

Мектеп жылдарында футбол және волейболдан өткен аудандық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, командалық рух пен қайсарлық қасиеттерін көрсетті. Сонымен қатар әскери-патриоттық жарыстарда мылтық атудан аудандық І орын алып, өзінің жан-жақтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әрине, оның жетістіктерінің артында отбасының қолдауы ерекше орын алады. Ата-анасының сенімі мен қамқорлығы жас өнерпазға қанат бітіріп, армандарына батыл қадам жасауына жол ашты. 2020 жылы мектепті тәмамдаған соң Дильназ өз өмір жолын нақты айқындады – оның таңдауы өнер болды. Сол жылы ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне түсіп, «концерттік-камералық орындаушы, оқытушы» мамандығын таңдады. Университет қабырғасында алған білім мен тәжірибе оның шығармашылық қабілетін одан әрі шыңдап, сахна мәдениетін терең меңгеруіне мүмкіндік берді.

Жалғасы газеттің №11 (4276) санында

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT