«Мәдениет – рухани мәйек» деген тамаша түйін бар. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет - рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу - ортақ парыз» деп мәдениеттің, мәдени саладағы істің де қаншалықты маңыздылығын айқындап беріп тұрғаны анық. Ендеше осы салада тер төгіп жүрген қызметкерлердің де еңбегі ерекше десек болғандай емес пе?! Алайда, солардың жиі-жиі өткізіліп жататын рухани саладағы түрлі іс-шаралары туралы молырақ айтылып-жазылады да, жеке өздері жөнінде ілуде бір болмаса дерек-дәйектер берілмейтіні бар. Мамырдың 21-індегі Мәдениет және өнер қыpметкерлері күні аталатын олардың кәсіби мерекелері туралы ойға алғанда ойландырған жайт осы болды. Өзіміз анау бір жылдардан атына қанық болып келе жатқан осы саланың «отымен кіріп, күлімен шыққан» деуге келетін жан Салауат Сахибеденұлы Меңдіғазиев хақында қалам тербеуімізге бір себеп сол болды.
Әп дегенде басымызға келе қалған тақырып «Салауат салған соқпақ» болды да, сол соқпақтың бастауына үңілдік. Одан білгеніміздей, кейіпкеріміз сонау 1962 жылдың 2 наурызында жырақтағы Забурын ауылында дүниеге келіпті. 1969 жылы теңізге таяу сол қоныстағы Гагарин атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған жасөспірім осыннан1972 жылы орта білім алып шығады. Ол кезде қатарыңнан қалмай әскерге бару жігіттердің бәріне мақсат еді. Сол сыннан сүрінбеген Салауат та бір қияндағы Украинаның Харьков қаласына екі жылдық азаматтық борышын өтеуге аттанып, 1982 жылы ауылға аман-сау, ел көріп, жер көріп дегендей, жетілген, әскер қатарындағы сындарда шыныққан соқталдай азамат болып оралады.
Туған ауылымен көрші қоныстанған Исатай ауылының негізін құраушы теміржолшылардың тірлі-гі қызықтырған жас жігіт әскерден келісімен теміржолға жұмысқа тұрды да, осында аттай алты жыл тер төкті. Алайда нағашысы Насихаттың кей жырларын анасынан жаттап өсіп, өнерге жақындығын өздігінен ұштай жүрген жас жігіттің ақырғы қалауы мәдениет, өнер саласы болды. Сөйтіп жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы, ауыл өнеріне белсенді араласы ауыл, сала басшыларының назарына іліккен ол 1988 жылы Исатай ауылдық клубына меңгеруші болып шыға келді. Талабы таудай жас еңбек ете жүріп, Атырау мәдени ағарту училищесінде оқып, бітіріп алды.
-Ол уақытта бір айда бір-екі шараны әрең ұйымдастыратын едік. Тәртіп, талап деген сондай болатын. Әлгі өтетін шараның мәніне үңілесің, маңызына ден қоясың, көрерменнің көңілінен шығардай болуын тағы ойлайсың, солай болуы үшін оның жоспарын жасайсың, мақсатын белгілейсің, ауылдағы әр мекемеде еңбек ететін өнерпаздардың басын қосып, әзірлік жасайсың... Оның бәрі қазір айтуға оңай ғой, ал сол кезде жан-жақты жұмыс қылуға тура келетін. Ол уақытта да болды, қазір де біреулер мәдениет саласындағы жұмысты көп күрделі іске санамай, жеңіл-желпіге саяды ғой. Олай емес, әлгі айтқанымдай, ол - мәдени қызметкерден жан-жақты болуды талап ететін жұмыс. Қырық алты жылғы еңбек өтілімнің отыз сегіз жылын осы салада өткерген, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған менің көңіліме түйген жайым бұл,-дейді кейіпкеріміз.
Тыңдап отырсақ, Сакеңнің сүйікті ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған кездері аз болмапты. -Тіпті үш қызметкердің жұмысын атқарып жүрген кездер де болды, алатыным бір қызметкердің жалақысы ғана,- деп күледі ол. -Қазір күліп отырмын ғой, ол кезде жылағың келетін. Бірақ бәріне шыдадық, міндетті ісімізді атқардық. Қанша қиналып жүрсек те, ұйымдастырған бір шараң көрермен көптің көңілінен шығып жатса, әлгі қиындықтың бәрін сол сәтте-ақ ұмытып, кәдімгідей қуанып тұратынбыз. Бұл өз ісіңе шынайы берілгендіктен де болуы керек деп ойлаймын.
Қазіргідей мүмкіндік көп емес, сахнаны әрлеудің барлық жұмысы қолмен атқарылатын. Сол алғашқы жиырма жылдай уақытта бір клубта бір өзі ғана қызмет қылған, не музыка маманы, не суретшісі жоқ меңгеруші мігірсіз тер төгетін. Ол Забурында да, Нарында да клуб жоқ кез еді. Ал ол ауылдарда бір шара өтетін болса, Исатай клубының меңгерушісін сол жердегі басшылар шақырып алатын да, бар жұмысты мойнына «ілетін». Жазған құлда жазық жоқ, жалақысыз жұмыс болса да жанын сала атқаратын бұл. Сол бір жөні түзу музыкалық құрал-жабдықтар да тапшы, біреу бір микрофон беріп жатса да кәдімгідей мәз болатын кезде құрап-сұрап жүріп ансамбль де құрған кейіпкеріміз бұл тек өзі тер төгіп жүрген әлгі үш ауылда ғана емес, басқаларға да ортақ қиындық болғанын айтады.
«Қазір, шүкір, жұмыс жасау көп жеңілдеді ғой. Сұрағаныңның бәрін беріп жатыр, ЛЕД экранға дейін береді. Қызметкерлер де толық, яғни әркім өз жұмысын жасайды. Бұл – өте керемет жағдай» деп өзінің қуанышын да білдіріп қояды әңгіме арасында ол. Қазір өзі қатардағы көп зейнеткердің бірі болса да, «Исатай, Зинеден, Нарын ауылдарына типтік жобадағы мәдениет үйлері салынса тіпті жақсы болар еді ғой. Сол мәдениет ошақтарына ол жерлердегі басшылар танысын, тамырын тықпаламай, бойында өнері бар, соған икемді ауыл жас-тарын жұмысқа алып жатса, тіпті жүргізушілік, күзетшілік, жылу жүйесі операторлығы сияқты жұмыстарға да өнерлі жандарды тартса. Осының бәрі сол жерлердегі мәдени қызметтің бұрынғысынан әлдеқайда жандана, жаңара түсеріне септесер еді» деп ойында жүрген жайттарын да бізбен бөлісе отыруды ұмытпады. Сәкеңнің мұнысын өзі тер төккен мәдениет саласына, сондағы жасалып жатқан жұмыстарға, әріптестерінің еңбек жағдайына жанашырлығы деп қабылдап, еріксіз риза болғанымызды несіне жасырайық.
Өзі айтқандай, қиындықтың бәріне төзе жүріп, жұмысын ақсатпаған Салауат Сахибеденұлы – ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін де тағынған жан. Оның III, IV, V шақырылымдардағы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлаушылар сенімінен шығуы, мәслихаттағы «НұрОтан» фракциясының жетекшісі, аудандық білім бөлімінің, Исатай орта мектебінің ата-аналар комитеттері төрағасы ретінде қоғамдық қызметтерге белсене араласуы, күні бүгін аудандық қоғамдық кеңестің бір мүшесі екендігі де «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген сөздің мән-маңызын айқындай түскендей деректер десек қателеспейміз. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын төрт мәрте иеленген Сәкеңнің еңбек жетістіктері мен марапаттарына тоқталар болсақ, онда бұл жазбамыздың біразға жалғасары да анық...
Өзге де марапаттары қатарында кеудесінде Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» төсбелгісі жарқыраған ол - бүгінде еңбек ардагері. Зайыбы, ардагер ұстаз Гүлфан Ниғметова екеуі ауылдағы үлгілі шаңырақтардың бірінен саналатын отбасының тірегі, ақылшысы болып отырған Салауат Сахибеденұлы сүйікті қызметінен қол үзіп, зейнеткерлікке қалғанымен, әлі де сол саланың жанашыры, өзі салған соқпақты жолдың лайықты жалғасын таба береріне де сенімді.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


