Сарапшы сала жұмысын саралады

суреттер автордікі

 

Бүгінде жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинация екені даусыз. Бұл – қоғам денсаулығын қорғаудың басты тетігіне айналған маңызды шара. Ал заманауи цифрлық шешімдердің қатарындағы DamuMed қосымшасы тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, екпе алу уақытын бақылауға, дәрігерге жазылуға және өз денсаулығын жүйелі қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. Мұның бәрі – денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстың жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуын зерделеу мақсатында ауданымызға іссапармен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының өкілі, вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша иммунопрофилактика мониторингі орталығының бас маманы Айгүл Сатаева Астанадан арнайы келді. Сала мамандары аудандағы өзекті мәселелерге жіті назар аударып, атқарылып жатқан жұмыстарға сараптамалық баға берді.

Жауапты маман аудандық емхана жұмысымен танысып, жеті ауылдық округте орналасқан амбулаториялардың қызметін саралады. Екпе жүргізу барысындағы жүйелілік, халықты қамту деңгейі және көрсеткіштердің орындалуы жан-жақты талданып, нақты бағаланды. Бұл – бүгінгі таңда жұқпалы аурулардың алдын алуда екпенің орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Кездесулер барысында медицина қызметкерлері мен сарапшылар арасында ашық әрі мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Әсіресе екпеден бас тарту мәселесі, әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпараттың ықпалы және халықпен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы кеңінен талқыланды.

 

 

Қазіргі таңда тұрғындар арасында өзекті мәселелердің бірі – DamuMed қосымшасының жұмысы. Бұл тақырып әр жиында көтеріліп, халық тарапынан жиі сынға ұшырап жүр. Әсіресе емханаға барған кезде жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болатынын тұрғындар жасырмай айтады. Осы мәселеге байланысты біз сарапшы маманға сауал жолдадық. Оның айтуынша, аталған қосымша төңірегіндегі пікірлердің әртүрлі болуы заңдылық.

– Иә, бүгінгі күні бұл қосымшаға қатысты сұрақтар жиі қойылып жүр. Дегенмен айта кету керек, бұл жүйені бір ғана емес, бірнеше, тіпті мыңдаған қолданушы қатар пайдаланады. Сондықтан кейбір техникалық кідірістер орын алуы мүмкін әрі қалыпты жағдай,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.

 

 

Мұндай сәттерде әрбір ақ халатты жанның жауапкершілігі мен кәсіби ұстанымы айрықша маңызға ие болмақ. Осы орайда аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы дәрігер-эпидемиолог Жазира Есмурзина өз ойын былай жеткізді.

– Иммунопрофилактика – бұл тек медициналық шара ғана емес, болашақ ұрпақтың саулығына салынған маңызды инвестиция. Біз ауданымызда жоспарлы вакцинацияны жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Ауылдық округтермен қатар, ай сайын Айбас, Мыңтөбе, Қызыл үй елді мекендеріне арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Дегенмен кейбір тұрғындардың екпеге күмәнмен қарауы – ойландыратын жайт. Сондықтан халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап, ақпараттандыру жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеміз. Мектеп оқушыларының екпе алуы жоспарға сай орындалып отыр. Әрбір екпе – қауіпті ауруларға қарсы сенімді қалқан екенін ұмытпауымыз керек, – деді ол.

Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар білім беру ұйымдарында да жүйелі түрде жалғасуда. Мектеп-гимназия медбикесі Болған Қапсихова да өз сөзінде әр жиналыс пен кездесулерде оқушыларға жұқпалы аурулардың алдын алу, жеке гигиенаны сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері кеңінен түсіндіретінін жеткізді. Аталған шараларға 60-70-ке жуық оқушы қатысып, 46 ата-анамен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл кездесулердің басты мақсаты – жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, зиянды әдеттердің алдын алу және санитарлық мәдениетті қалыптастыру.
Іссапар қорытындысында мамандар тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар беріліп, алдағы міндеттер айқындалды. Сондай-ақ сарапшы маман аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабуловаға түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін және әлеуметтік желіге белсенді түрде ақпараттарды уақытылы салып отыруын қаперге берді.

 

 

Аудан көлемінде халық денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен соңғы уақытта екпе мәселесіне қатысты ата-аналардың алаңдаушылығы мен түрлі пікірлердің көбеюі сала мамандарын алаңдатпай қоймайды. Осыған орай, түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту – күн тәртібіндегі басты міндеттердің біріне айналып отыр. Аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері тек ем-дом жасаумен шектелмей, халықпен тікелей байланыс орнатып, әр отбасыға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді басты назарға алған.

– Біздер, шыны керек, барынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмысына басшы ретінде де, сала маманы ретінде де жұмылып жатырмыз. Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесулері өтеді, сол кезде бірге барып, мүмкіндікті тиімді пайдаланамыз. Қазіргі таңда ата-аналардың таным-түсінігі әртүрлі. Бірі діни көзқарасына байланысты қарсы болса, енді бірі еш себепсіз екпеден бас тартады.Мұндай жағдайда күштеп міндеттей алмаймыз. Оған қоса ата-аналар жиналысына қатысу деңгейі де төмен. Әсіресе екпе мен вакцинация мәселесі көтерілгенде, көпшілігі мұндай жиындардан қашқақтайды. Осыған байланысты аудандық білім бөлімімен бірлесіп, ата-аналар форумдары мен конференциялар ұйымдастыру арқылы ақпарат жеткізудің жаңа тәсілдері қарастырылып жатыр. Дегенмен ауруханаға баласымен келген әр ата-анамен жеке сөйлесіп, түсіндіруге тырысамыз. Әлеуметтік желілерде – Instagram мен Facebook парақшаларында да тұрақты түрде ақпарат жариялап отырамыз. Алайда үй аралау барысында кейбір тұрғындар суретке түсуге үзілді-кесілді қарсы болады. Соған қарамастан, нәтижесіз емес – оң өзгерістер бар,-дейді ол.

 

 

Расында да, екпе – көзге көрінбейтін қауіптің алдын алатын ең тиімді құралдардың бірі. Ғылым мен тәжірибе дәлелдегендей, вакцинация арқылы көптеген қауіпті аурулардың таралуына тосқауыл қоюға болады. Ал ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда ғана қоғам індеттерге қарсы тұра алады. Сондықтан бұл мәселе тек дәрігерлердің ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр ата-ана өз баласының ғана емес, тұтас ұлттың саулығы үшін саналы шешім қабылдауы тиіс. Денсаулық – баға жетпес байлық. Ал сол байлықты сақтаудың бір жолы – уақытылы екпе алу екенін естен шығармаған абзал.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT