Атырау қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңі биыл жас спортшылардың жігерін шыңдаған, талай үмітті үкілеген додаға айналды. Сол үміттің үдесінен шығып, жанкүйерін сүйсіндірген –аудандық білім бөліміне қарасты мектеп-гимназиясының 7-8 сынып оқушыларынан құралған ұлдар командасы. Жас гандболшылар тартысты бәсекеде топ жарып, облыс чемпионы атанып қана қоймай, республикалық кезеңге жолдама иеленді.
Ашылғанына небәрі екі жыл болған білім ордасы үшін бұл тұтас ұжым еңбегінің өлшемі. Спорт алаңында жас ойыншылар тек техникалық шеберліктерін ғана емес, ұйымшылдық пен мінезді де көрсете білді. Әсіресе, финалдағы Қызылқоға ауданы құрамасына қарсы матч нағыз мінез бен табандылықтың айғағы болды. Әр доп үшін арпалысқан ойыншылар соңғы ысқырық соғылғанда жеңіс тұғырына көтерілді. Команда сапындағы тоғыз оқушының әрқайсысы жеңіске үлес қосты. Турнир қорытындысы бойынша команда капитаны Тарғынұлы Нұртілек «Үздік қорғаушы» атанса, қақпашы Құзыреден Жанесен «Турнирдің үздік қақпашысы» атағын иеленді.
Команданың табысты өнер көрсетуіне мектеп директоры Табила Игібайқызының қолдауы да серпін берді. Ол жас чемпиондарды құттықтап, алдағы республикалық жарыста да аудан намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Бұл жеңістің тағы бір рухани тірегі бар. Гандболдың қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар берген Өркен орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, жаттықтырушы Айбол Мұхамбетовтің еңбегі ерекше. Бүгінде аудан көлемінде осы спорт түрінің дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі маман командаға әдістемелік кеңес беріп, жастардың шеберлігін шыңдауға көмектескен. Енді исатайлық жас гандболшылар көктемде Астана қаласында өтеді деп жоспарланған Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды. Бұл – олар үшін жаңа белес, ал аудан үшін үлкен жауапкершілік.
Команданың жаттықтыру-шысы әрі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерімнің табысын тынымсыз дайындық пен жүйелі еңбектің нәтижесі деп бағалаймын. Шынында да спортта кездейсоқ жеңіс болмайды. Күнделікті жаттығу, тәртіп пен сенім ғана жеңіс әкеледі.
Жеңіс кейде есеппен өлшенеді, кейде уақытпен. Ал бұл жолғы жетістік – сеніммен өлшенетін жеңіс. Екі жыл бұрын ғана есігін ашқан мектептің бүгін облыс чемпионы атануы – ауыл спортының әлеуетін дәлелдейтін жарқын мысал.Жас спортшыларға алдағы додада тек сәттілік емес, сол жеңісті әкелген мінез бен бірлікті сақтап қалуды тілейміз. Себебі чемпиондық – мәреге жету емес, жаңа жолдың басталуы.
Нұрбек АМАНГЕЛДИЕВ,
мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы



