Үш тілде еркін сөйлеп, бас жүлдені еншіледі

 

Атырау облысында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қолдауымен және Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыруға бағытталған дәстүрлі үштілділік байқауы өтті.

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін анықтауды мақсат еткен байқауға облыстың қала-аудандарынан үздік үміткерлер қатысты. Солардың қатарында Исатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков те бақ сынап, өзінің жан-жақты білімі мен жоғары дайындық деңгейін дәлелдей білді.

 

 

Тартысты дода қорытындысында жерлесіміз Марат Жұмабеков барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, байқаудың Бас жүлдесін иеленді.Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы «Сөзтаным» кезеңінде қатысушылар қазақ тіліндегі мәтіннен көнерген сөздерді анықтап, олардың мағынасын түсіндірді. Бұл кезеңде мемлекеттік тілдің байлығы мен қатысушылардың сөздік қорды меңгеру деңгейі сараланды. Екінші «Елтаным» кезеңінде үміткерлер қазақ жері, өңірлердің ерекшеліктері мен ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, өздерінің таным көкжиегі мен тілдік даярлығын көрсетті.

 

 

Ал соңғы «Ойтаным» кезеңінде қатысушылар ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар мен ұлттық ойындар жөніндегі сұрақтарға ағылшын тілінде жауап беріп, үш тілді еркін меңгергендігін дәлелдеді.

– Бұл байқауға облыстың қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдарынан сегіз қатысушы қатысты. Қазіргі заманда интернет арқылы білім алып, өзіңді дамытуға мүмкіндік өте көп. Соның ішінде қызығушылық пен ынта болса, тілді де еркін меңгеруге болады. Әрине, ана тілім – өз тілім. Ал орыс және ағылшын тілдерін бұрыннан қызығушылық танытып, өз бетімше үйрендім. Байқау барысында қатысушылардың білімі мен шеберлігін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген ғалымдар, әдіскерлер мен мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптардың мазмұндылығы мен нақтылығы, тіл мәдениеті, сондай-ақ кәсіби білім мен тәжірибе ескерілді. Осындай сайыстар адамның өз мүмкіндігін сынап қана қоймай, тілдік және кәсіби деңгейін жетілдіруге үлкен серпін береді деп ойлаймын, – дейді Марат Жұмабекұлы бізбен болған әңгімесінде.

 

 

Осылайша байқау жеңімпазы республикалық байқауға жолдама жеңіп алған. Марат Жұмабековтің бұл жетістігі аудан мерейін асырып қана қоймай, мемлекеттік қызмет саласындағы жас мамандарға үлгі болары сөзсіз.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT