Шахматты дамытуға бағытталған жоба

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтың өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудағы маңызын бірнеше рет атап өткен. Президенттің пікірінше, шахмат – спорт түрі ғана емес, үлкен өнер. Сондықтан балаларды шахматқа баулу, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және зияткерлік спортты кеңінен насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай «CHESS BONDS» жобасы аясында ауданымызда балаларға шахмат үйретудің тиімді әдістеріне арналған практикалық семинар өтті. 

Семинар Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «4 билік» қоғамдық қорының гранты аясында ұйымдастырылды. Практикалық сабақтарды шахмат бойынша мектеп шахматының нұсқаушысы, ұлттық нұсқаушы және халықаралық төреші біліктіліктеріне ие Бауыржан Хамзин жүргізді. Семинар барысында балалардың шахматқа деген қызығушылығын арттыру, олардың жас ерекшеліктері мен қабылдау қабілеттерін ескере отырып сабақ өткізу мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ балаларды ойын арқылы оқыту, ынталандыру және жіберген қателіктерін дұрыс түсіндіру жолдарына ерекше назар аударылды. Практикалық бөлімде қатысушылар шахматтағы мәжбүрлі мат және мат қою тәсілдерін үйрету әдістемесімен танысты. Бұдан бөлек, қос соққы, шанышқы, алаңдату секілді тактикалық әдістерді түсіндіру, шахмат тақтасындағы позицияларды талдау және тактикалық комбинацияларды тәжірибе жүзінде көрсету мәселелері қамтылды. 

Сонымен қатар шабуыл жасау мен қорғану дағдыларын дамыту, қарсыластың жоспарын анықтау, позициялық ойлау қабілетін жетілдіру бағытында әдістемелік түсіндірмелер де берілді. Тактикалық есептерді күрделілік деңгейіне қарай іріктеу, балаларды өздігінен шешім қабылдауға бағыттау және практикалық тапсырмалар арқылы логикалық ойлау қабілетін дамыту жолдары да талқыланды. Шара соңында семинар қатысушыларына сертификаттар табысталды. 

Семинардан кейін аудан көлемінде «Әке мен бала» тақырыбында шахмат жарысы ұйымдастырылды. Жарыстың басты ерекшелігі – әке мен баланың бір команда болып, бір шахмат тақтасында өзара үйлесімділікпен ойын көрсетуі. Зияткерлік додаға жалпы саны 13 команда қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Сәлімжан отбасы үздік үштікті тәмамдаса, Нұркен отбасы 2 орынға ие болды. Ал қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Әмірғали отбасы жарыс жеңімпазы атанды. Үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы кубок және медальдармен марапатталды. Аталған жобаның жетекшісі, аудандық Жастар мәслихатының депутаты Бекзада Меңдекенқызының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ауданда шахмат ойынын дамыту, тұрғындар арасында зияткерлік спорт түрін кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін жетілдіруге ықпал ету.

– Біздің басты мақсатымыз – ауданда шахмат ойынын кеңінен насихаттап, тұрғындардың, әсіресе жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамытуға үлес қосу. Шахмат адамды сабырлылыққа, логикалық ойлауға, әр қадамын алдын ала жоспарлауға үйретеді. Сонымен қатар, әке мен бала арасындағы шахмат жарысы арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін айқындағымыз келеді. Алдағы уақытта да осындай жобаларды жалғастырып, ауданда шахмат мәдениетін қалыптастыруға күш саламыз, – дейді жоба жетекшісі.

Шахмат – баланың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, зейінін шоғырландыруға, шешім қабылдауға және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйрететін зияткерлік ойын. Осы тұрғыдан алғанда, семинар педагогтердің кәсіби білімін жетілдіріп, балаларға шахматты үйретудің тиімді тәсілдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT