Шахризада Мұғау – «OQYP JARYS» жеңімпазы

 

Кітапты жарысқа айналдыруға бола ма? Болады. Бірақ мұндағы мақсат – кімнің көп оқитынын анықтау емес, кімнің оқығанын терең түсінгенін таразылау. Аудан жастары бас қосқан «OQYP JARYS» кітап оқу жарысының негізгі құндылығы да осында.


12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «B-elsendi қоғам» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен кітап бәйгесіне 14-35 жас аралығындағы 70-ке жуық жас қатысты. Үш кезеңнен тұрған сайысқа қатысушылар алдымен онлайн форматта өз білімдерін сынап, кейінгі кезеңдерге үздіктері іріктелді. Бірінші кезеңнен 45 қатысушы өтсе, жоғары ұпай жинаған 25 жас финалға жолдама алды.

Бір қарағанда бұл – қарапайым кітап оқу сайысы секілді. Алайда таңдалған үш шығармаға үңілсек, ұйымдастырушылардың оқырманға ұсынған әдеби сапарының өзі ойластырылғанын аңғаруға болады.

Алғашқы кезеңде жастар Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесін оқыды. Тылсым табиғат, адамның ішкі әлемі, жалғыздық, тағдыр мен таңдау секілді мәселелер тоғысқан бұл шығарма оқырманды сыртқы оқиғадан гөрі адамның жан дүниесіне үңілуге жетелейді. 
Екінші кезеңде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы таңдалды. Бұл – автордың өз балалық шағы мен тағдырлы кезеңдерін арқау еткен, шынайылығымен оқырманға әсер ететін туынды. Шығарма 2008 жылы жазылып, кейін интернет арқылы кең тарап, қазақ оқырманына кеңінен танылған.

Ал финалға жеткен 25 жас Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» повесі бойынша бақ сынады. Адам мен табиғат, адам мен жылқы арасындағы байланыс, өмірдің өткіншілігі мен адамгершілік мәселелерін қозғайтын бұл шығарма финалдық кезеңнің салмағын арттырғандай.

Яғни үш кезең – үш бөлек кітап қана емес, адам болмысына әр қырынан үңілетін үш әдеби әлем. Бірі – жалғыздық пен тылсым табиғатты, бірі – балалық шақтың жарасын, енді бірі – адам тағдыры мен өмірдің мәнін таразылайды. Жас оқырман осы шығармаларды оқи отырып, тек шығарма мазмұнын есте сақтап қана қоймай, кейіпкердің орнында өзін елестетіп, автор көтерген мәселе туралы ойлануға тиіс болды. Жарыстың ерекшелігі де осында.

Сайыстың алғашқы кезеңіне қатысқан жастардың бір бөлігі үшін кітапты оқу – күнделікті дағды болса, енді бірі үшін байқау жаңа әдеби ізденіске жол ашты.

Жарыстың жүлде қоры 300 мың теңгені құрады. Нәтижесінде жеті қатысушы –Зерде Мұғау, Айлана Сәкенқызы, Камилла Еркебұланқызы, Гүлназ Аяпберген, Айкөркем Қобыланқызы, Малика Темірбекқызы және Анар Анар Анар Шугупан– IV орынға ие болып, 10 мың теңгеден сыйақы алды. III орын Серік Бақтығалиевке  бұйырып, 40 мың теңге табысталды. II орынды Дильназ Аяпберген иеленіп, 70 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Ал жарыстың бас жүлдесін Шахризада Мұғау жеңіп алып, 120 мың теңге иеленді.


Алайда Шахризада үшін бұл жеңістің бағасы ақшамен өлшенбейді. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастауыш білім беру және көптілділік бағыты бойынша төртінші курс студенті Шахризада кітап оқуды мектеп қабырғасынан сүйіп келеді. Осы уақытқа дейін 50-ден астам кітап оқыған ол әсіресе қазақ әдебиетіне қызығатынын айтады.

–    Осыған дейін 50-ден аса кітап оқыдым. Әсіресе қазақ әдебиеті шығармаларын сүйіп оқимын. Бұл сайыс мен үшін ерекше болды. Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» шығармасын бұрын оқығанмын. Бірақ жарысқа қатысар алдында оны қайта оқып, бірнеше рет қайталадым. Сонда бұрын байқамаған дүниелерімді көрдім, шығарманы басқа қырынан таныдым. Бұл сайыс ой-өрісімді кеңейткен, өзім үшін өте пайдалы жарыстардың бірі болды,- дейді бас жүлде иегері.


Шахризаданың сөзі кітап оқудың ең маңызды қасиетін көрсетеді. Яғни бір кітапты бір рет оқу – оны танып білу емес. Адамның жасы, тәжірибесі, өмірге көзқарасы өзгерген сайын сол кітаптың айтатыны да өзгеріп отырады.

«OQYP JARYS» жобасының мақсаты да – осы байланысты күшейту. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, білімді әрі талантты жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған сайыс аудан жастарының басын бір арнаға тоғыстырды.

«B-elsendi қоғам» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шыманов жарыстың жастар үшін пайдалы болғанын атап өтті.

–Жарыс өте тартысты өтті. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырдық деп ойлаймын. Осындай шаралар арқылы ауылдың кітапсүйер жастарының бір-бірімен танысып, пікір алмасқанына қуанып отырмыз,- дейді ол.

 

 

Шын мәнінде, кітаптың адамды адаммен жақындастыратын тағы бір қасиеті бар. Бір шығарманы оқыған екі адам оның кейіпкерін екі түрлі қабылдауы мүмкін. Бірі автордың ойын қолдаса, екіншісі келіспеуі мүмкін. Бірақ дәл осы пікір айырмашылығы адамның ойлау көкжиегін кеңейтеді.«OQYP JARYS»-тың ауыл жастары үшін тағы бір мәні – осы. Кітапты жалғыз оқып, жалғыз қабылдағаннан гөрі, оқығаныңды өзгелермен талқылау әдебиеттің әсерін күшейтеді.Бүгінгі жастардың кітап оқымайтыны туралы жиі айтылады. Бірақ мұндай пікірге біржақты қарауға болмайды. Мәселе жастардың кітапқа қызықпайтынында емес, оларға кітаппен кездесетін кеңістік пен себептің қаншалықты жиі ұсынылатынында болуы мүмкін. Ал жетпіс шақты жастың бір жобаға қатысуы – соның бір дәлелі. Жарыс аяқталғанымен, оның негізгі нәтижесі жүлдегерлер тізімі емес. Ең үлкен нәтиже – бір жастардың сөреден кітап алғаны, енді бірінің бұрын оқыған шығармасын қайта парақтағаны, ал тағы бірінің өзі үшін жаңа автор ашқаны.

Өйткені кітап оқу – мәреге бірінші болып жететін жарыс емес. Ол адамның өз-өзімен жарысы. Ал бүгін кітап оқуға уақыт тапқан жас ертең ойын өзгертетін, шешім қабылдайтын, қоғамға пікір айта алатын азаматқа айналады. Сондықтан «OQYP JARYS» – жай ғана кітап оқу сайысы емес. Бұл – жастардың ойына жол салған, ауылдағы кітапсүйер қауымды бір ортаға жинаған әдеби бастама.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT