Жылдағы дәстүр бойынша аудан тұрғындарының жазғы бос уақыттарын тиімді пайдалану, өнерсүйер қауымға көңілді мерекелік кеш сыйлауды мақсат тұтқан бұл ән кештері биыл «Туған жер – өнер өлкесі» тақырыбын иеленіп отыр.Кешегі күні бастау алған өнер кешінің шымылдығы ауданның Исатай және Зинеден ауылдық округтері өнерпаздарының біріккен концерттік бағдарламаларымен бастау алды.

Өнерпаздар бас қосқан концерттік бағдарлама көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнердің көркем үлгісін көрсетті.Кештің алғы сөзі аудан әкімі Нұрым Мусинге беріліп, ол мұндай тағылымды шаралардың ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, мәдени өмірдің жандануына оң ықпал ететінін атап өтті.

-Мұндай игі шаралар халқымыздың рухани байлығын дәріптеп, ұлттық өнерімізді насихаттайтын, ауылдар арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты нығайтын ерекше басқосу.Осы кеште Исатай мен Зинеден ауылдық округтерінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, көрерменге әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашқалы тұр.Бұл туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ыстық ықыластың көрінісі. Осындай мәдени шаралар ауданымыздың рухани өмірін байытып, ел бірлігін одан әрі нығайта берсін,-деді ол өз сөзінде.

Концерттік бағдарлама ұлттық биімен бастау алды. «Жарқын» би тобы орындаған «Беу, сылқым» биі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында ауылдың ақ жаулықты аналары – «Ақжелең» әжелер ансамблі сахнаға көтеріліп, Исрайыл Сапарбайдың сөзіне, Лесбек Амановтың әніне жазылған «Оралымның барында ойна да күл» әнін орындады. Сондай-ақ халық әні «Гүлдерайым» шырқалып, ұлттық өнердің әсемдігі дәріптелді. Әрі қарай Айгүл Жексенбайқызы Мұхтар Қайырбековтің сөзіне, Серік Бабахановтың әніне жазылған «Қос бәйтерегім» туындысын орындап, ата-анаға деген құрметті ән арқылы жеткізді. Көрермендерге Табылды Досымовтың шығармашылығынан Арсен Әділжанұлының орындауындағы «Биіктік» әні ұсынылса, Тұрар Меңдігерейұлы қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік тақырыбын арқау еткен «101-ге қоңырау шал» әнін орындады.
Концерттен ерекше әсер алған ауыл тұрғыны Мөлдір Рамазанова мұндай мәдени шаралардың ауыл өміріндегі маңызы зор екенін тілге тиек етті.

– Бүгінгі кеш – жай ғана концерт емес, ауыл тұрғындарын бір ортаға тоғыстырып, рухани серпіліс сыйлайтын ерекше басқосу. Қазіргі таңда көпшіліктің бос уақыты телефон мен әлеуметтік желіде өтетінін ескерсек, осындай жанды өнерді тамашалап, бір-бірімізбен жүздесудің орны бөлек. Сахнаға шыққан әрбір өнерпаз – өз ауылының мақтанышы. Осындай кештер жастардың өнерге қызығушылығын арттырып, үлкендердің өткенді еске алуына мүмкіндік береді әрі ауылдағы ауызбіршілік пен татулықты нығайта түседі. Сондықтан бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасып, жаңа форматтармен толыға берсе екен деген тілегім бар. Мұндай шаралар ауыл мәдениетінің дамуына тың серпін беретініне сенемін, – деді ол бізбен болған әңгімесінде.
Осылайша, концерт барысында әсем әндер мен мың бұралған билер кезектесіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Сағыныш ҚАЙЫР


