Исатай ауданы бойынша шалғай елді мекендерден дауыс жинау мақсатында төрт бағытқа жол талғамайтын көліктер бөлініп, комиссия мүшелері жолға шықты.
Атап айтқанда, Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас және Бегайдар елді мекендерінде 82 дауыс беруші бар. Бұл елді мекендерге №132 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері барып, дауыс жинайды. Олар берісі елу, әрісі екі жүз шақырым қашықтықта шашыраңқы орналасқан тұрғындардан дауыс алады.
Қамысқала ауылдық округіне қарасты Жасқайрат елді мекенінде 68 дауыс беруші бар. Мұнда №129 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері дауыс беруді ұйымдастырады.

Жанбай ауылдық округіне қарасты Мыңтөбе елді мекенінде 6 дауыс беруші тіркелген. Бұл елді мекенге №135 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері барады.
Нарын ауылдық округіне қарасты Үштаған учаскесінде 28 дауыс беруші бар. Мұнда №138 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері дауыс жинайды. Ең шалғай орналасқан елді мекен – осы Үштаған учаскесі. Ол Нарын құмы аумағында орналасқан және округ орталығынан шамамен 220 шақырым қашықтықта жатыр.
Республикалық референдумға шалғайдағы тұрғындардың да қатысуын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру шаралары ұйымдастырылуда.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


