№132 референдум учаскесі Атырау облысы білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімі «Жалпы білім беретін Қызылүй негізгі мектебі» КММ ғимаратында орналасқан. Телефон арқылы тілдескен комиссия төрағасы Абай Имашевтан білгеніміздей, мұнда 310 дауыс беруші тіркеліпті.
Тұщықұдық ауылдық округінің орталығынан қырық шақырым қашықтықтағы шалғай елді мекендегі учаске бойынша дауыс берушілер санатында желдің өтінде, елдің шетінде жүретін шаруагерлер де аз емес. Қытымыр қыстан шығып, жер аяғы кеңіген жазғытұрым уақытта да бір тынып таппайтын олардың шаруасын жайлап болғанынша біраз уақыт. Сайлау учаскесіне солардың алғашқысы болып келген шаруагер Есболат Досқалиев болды.

Кезінде Чапаев атындағы кеңшардың белгілі малбегі атанған әкесі Ғайнидың ақ таяғын ұстап қалып, жолын жалғастырып келе жатқан шаруагер азамат жаңа Ата заңымызда адамдардың, соның ішінде еңбек адамдарының құқығының қорғалуына жеткілікті мән берілгенін көңілге түйіп қалыпты. Түс әлетінде өз таңдауын жасаған Есақаңның тілегі - елдің амандығы мен тыныштығы, барша отандастарымыздың бақытты болашағы болды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


