Аудан аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау мақсатындағы үйірлі шегірткеге қарсы жүйелі жұмыстар жыл сайын жүргізіліп жүр. Соның ішінде итальян прус және азиат шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу шаралары - әр жылы жоспарлы түрде іске асырылатын шаруа.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Исатай аудандық аумақтық инспекциясының мәліметіне қрағанда, маусым айының соңындағы аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен өткен кезекті штаб отырысында да бұл мәселе арнайы қаралған. Ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының (РФД және БӘО) Исатай аудандық филиалы басшысы Нұрберген Искалиев және аудандық аумақтық инспекция басшысы Нұржамал Елемес қатысқан жиында итальяндық прус шегірткесінің дамуы мен таралуына жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстарының жайы баяндалды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін итальяндық прус шегірткелеріне қарсы болжанған химиялық өңдеу ауданымызда 5600 га аумаққа жоспарланған болатын. 2026 жылға арналған болжамға сәйкес, итальяндық прус шегірткесінің дернәсілдеріне көктемгі-жазғы зерттеу нәтижесі экономикалық зияндылық шегінен (ЭЗШ) аспауына байланысты химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмеді. Сонымен қатар облыс бюджеті есебінен қаржыландырылатын 4000 га болатын болжамды аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары саяқ шегірткесінің дернәсілдері бойынша да экономикалық зияндылық шегінен аспауына байланысты жүргізілмегені айтылды.
Алайда, көгалды қуалап «ән салатын» шегірткелердің жазғы ұшу кезеңі басталар шақ осы. Сондықтан олардың аудан аумағына шекаралас аудандардан, басқа облыстардан ұшып келуі мүмкін жайлы болжамдар да айтылды. Бұл ретте зерттеу жұмыстары жалғасып, бақылау, қадағалау жұмыстары үнемі жүргізіліп жатқаны тілге тиек болды.
Осы және өзге де жайттарды назарға алған штаб төрағасы ауылдық округ әкімдеріне және РФД және БӘО аудандық филиалы басшысына бірқатар тапсырмалар берулі.
–Соның ішінде ауылдық округ әкімдеріне округ аумағында шегіртке зиянкестерінің таралуына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету және фитосанитарлық жағдайды үнемі бақылауда ұстау, зиянкестердің саны ЭЗШ-не жеткен немесе одан асқан жағдайда аудандық филиалға жедел әрі уақытылы хабарлау назарға берілді. Қажет болған жағдайда химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруға керекті іс-шараларды дер кезінде қолға алу тапсырылды,-деді бізге аудандық аумақтық инспекция басшысы Н.Елемес.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


