Бүгін Жанбай ауылында орналасқан №135 сайлау учаскесінде ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға қатысушылардың қарасы қалың. Мемлекеттік шекараны күзетіп, ел тыныштығын қамтамасыз етуді басты міндеті санайтын Жанбай шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері де сайлаудан шет қалмай, өз таңдауларын жасады.
Бөлімшенің әскери қызметшілері сап түзеп, Жанбай ауылындағы №135 сайлау учаскесіне келіп, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға қатысты. Жанбай шекара бөлімшесінің бастығы Береке Есенбайдың айтуынша, жалпы аталған бөлімшеден 45 адам келді. Оның ішінде 19 сарбаз, 6 қызметші, 2 офицер және келісімшарт бойынша қызмет атқаратын 17 қызметкер бар.

Әскери қызметшілер үшін де сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген шекарашылар ел өміріндегі елеулі саяси науқанға өз үлестерін қосып, конституциялық құқықтарын пайдаланды.

Шекара шебіндегі қызметтің жауапкершілігі жоғары болғанымен, әскери қызметшілер елдегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмайтынын көрсетті. Олардың бүгінгі таңдауы – елдің ертеңіне деген азаматтық ұстанымының көрінісі.

Сағыныш Қайыр


