1-сәуірден бастап еліміздің шекаралық аумақтарында «Бірлескен жедел-профилактикалық іс-шара–2026» басталды. Атырау өңіріндегі шекаралық елді мекендердің бірі – Жанбай ауылы. Теңіз жағасында тіршілік қайнаған бұл өңір үшін шекара тәртібі – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Сондықтан мұнда жүргізіліп жатқан әрбір түсіндіру жұмысының маңызы айрықша.
Жанбай шекара бөлімшесінде аталған іс-шара аясында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Әскери қызметшілер жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау құрылымдарымен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, заң талаптарын кеңінен түсіндіруде. Бұл – жай ғана ақпарат беру емес, халықпен тікелей байланыс орнатып, өзара сенім қалыптастыратын маңызды алаң. Кездесу барысында тұрғындарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары жан-жақты түсіндіріледі. Әсіресе, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік, жол қозғалысы ережелері және шекара режимін сақтамаудың салдары нақты мысалдармен баяндалуда. Себебі заңды білу – қауіпсіз өмірдің басты кепілі.
Шекара маңында тұратын халық үшін кейбір қарапайым әрекеттердің өзі құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін. Мәселен, мал жаю кезінде белгіленген шекара сызығынан асып кету немесе құжатсыз, рұқсатсыз қозғалу – заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Осыны ескерген әскери қызметшілер тұрғындарға нақты нұсқаулықтар беріп, күнделікті өмірде сақталуы тиіс қарапайым қағидаларды түсіндіруде. Сонымен қатар, жеке қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Күмәнді тұлғаларды байқаған жағдайда немесе заңсыз әрекеттерге куә болған сәтте жедел әрекет ету – әр азаматтың міндеті екені баса айтылуда. Бұл – тек шекарашылардың ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздікке қосқан үлесі. Іс-шара барысында жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін ұрпақ – ел болашағының кепілі. Әскери қызметшілермен өткен кездесулер жастардың патриоттық рухын арттырып қана қоймай, олардың құқықтық сауатын нығайтуға ықпал етуде.

Жанбай шекара бөлімшесінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Оның нәтижесі – қоғамдық тәртіптің нығаюы мен азаматтардың құқықтық жауапкершілігінің артуы. Қазіргі таңда қауіпсіздік мәселесі тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың назарында болуы тиіс. Өйткені шекара – мемлекеттің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ қорғаны.
Құрметті тұрғындар!
Егер мемлекеттік шекара режимін бұзу деректерін, күмәнді тұлғаларды немесе шетел азаматтарының заңсыз жүргенін байқасаңыз, дереу хабар берулеріңізді сұраймыз: 8 700 776 00 08.
Аталған іс-шара аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттала бермек.
Береке ЕСЕНБАЙ,
Жанбай шекара бөлімшесінің бастығы


