«Жастарды әскерге баруға қалай тартамыз?» деген сауал бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені соңғы жылдары әскери қызмет туралы түрлі алыпқашпа әңгімелер мен жағымсыз ақпараттар жастардың ғана емес, ата-аналардың да алаңдаушылығын туғызуда. Алайда әскери өмірдің шынайы келбетін сырттай бағалау мүмкін емес. Сондықтан жастарға әскери қызметтің мәні мен маңызын түсіндірудің ең тиімді жолы – оларды әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігімен тікелей таныстыру. Қарулы Күштер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін жақыннан көру арқылы жастар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың жауапты еңбегін түсінеді, әскери қызметтің қоғамдағы орны мен беделін бағамдайды. Бұл өз кезегінде олардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті нығайтып, Отан алдындағы азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы мақсатта Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында және «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аудан жастарына арналған тағылымды экскурсия өткізілді. Бұл шара жастардың әскери өмірмен жақынырақ танысып, әскери қызмет туралы өз көзқарастарын қалыптастыруына мүмкіндік берді.
Бұл жолы қатысушылар Зинеден және Жанбай ауылдарындағы шағын шекара заставаларымен ғана шектелмей, Атырау қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Экскурсияның басты мақсаты – жастарға әскери қызметтің қыр-сырын көрсету, олардың Отан алдындағы борышы мен жауапкершілігін сезіндіру, әскери-патриоттық тәрбие беру және әскери қызметкерлердің күнделікті еңбек тынысымен жақыннан таныстыру болды. Танымдық сапарға Исатай ауданынан 20-ға жуық студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Жас буын өкілдері әскери бөлімнің тыныс-тіршілігін көріп қана қоймай, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметтің ерекшеліктерімен танысты.

Экскурсия барысында қатысушыларды департаменттің Тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы, полковник Ерсін Сержанов қарсы алып, әскери қызметтің артықшылықтары, әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда әскердегі басты артықшылықтардың бірі – шекара қызметіне келген жастардың Отан алдындағы борышын өз өңірінде өтеу мүмкіндігі. Сонымен қатар әскери қызметке орналасқысы келетін азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жалақыдан бөлек отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй төлемақысы беріледі, жыл сайын 45 күндік еңбек демалысы ұсынылады. Сондай-ақ қызметкер бір жаққа сапарлап шыққан жағдайда, оның отбасы мүшелеріне пойыз билеті тегін рәсімделеді. Ол осы секілді әлеуметтік жеңілдіктерді егжей-тегжейлі атап өтті. Полковник Сержановтың айтуы бойынша, бүгінде әскери қызмет, тек Отан қорғау ғана емес, тұрақты жұмыс, кәсіби даму және әлеуметтік кепілдіктердің маңызды жүйесі болып саналады.
Жастар үшін ерекше қызығушылық тудырған бөлімдердің бірі қару-жарақ көрмесі болды. Мұнда оларға оқу-жаттығу мақсатында қолданылатын қарулардың түрлері көрсетіліп, олардың техникалық ерекшеліктері мен қолданылу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушылар кинолог мамандарының қызметімен танысып, арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттердің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін өз көздерімен көрді. Қызметтік иттердің есірткі заттарын, қару-жарақтарды және басқа да заңсыз жүктерді анықтау барысындағы әрекеті жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Осындай тағылымды кездесулер жастардың әскери мамандыққа деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауларына да оң әсер ететіні сөзсіз. Экскурсиядан осындай ерекше әсер алған жастардың бірі Әділет Аронов бұл кездесудің тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгін біз Исатай ауданының жастары ретінде Атырау облысы бойынша Шекара қызметінің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Іс-шара барысында шекарашылардың күнделікті атқаратын қызметтерімен, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығымен жақынырақ таныстық. Сонымен қатар қару-жарақтардың түрлерін көріп, олардың қандай мақсатта қолданылатыны туралы жан-жақты мәлімет алдық. Әсіресе қызметтік иттердің дайындығы мен олардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі біз үшін өте қызықты болды. Бұған дейін әскери қызметтің көптеген қырларын білмейтін едік. Бүгінгі кездесу әскери мамандыққа деген қызығушылығымызды арттырып, көптеген жастардың бойындағы Отан қорғаушы болуға деген құлшынысын оятты. Менің ойымша, әрбір қазақстандық азамат өзінің әскери борышын өтеуге және ел қауіпсіздігін сақтауға үлес қосуға дайын болуы керек. Осындай кездесулер жастардың патриоттық рухын көтеріп, әскери қызметтің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Айта кетейік, Исатай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметіне сәйкес, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында ауданнан 35 азамат әскер қатарына аттанған. Оның ішінде 5 азамат Шекара қызметіне, 24 азамат Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына, 2 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне және 4 азамат Ұлттық ұлан құрамына жіберілген. Бұл көрсеткіштер аудан жастарының әскери қызметке деген қызығушылығы мен азаматтық жауапкершілігінің артып келе жатқанын аңғартады. Себебі Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі ел болашағының кепілі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай әскери-танымдық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Өйткені әскери өмірмен жақын танысқан жастар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегін тереңірек түсініп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын нығайта түседі. Ал патриоттық рухы биік, жауапкершілігі жоғары ұрпақ – тәуелсіз еліміздің жарқын болашағының берік кепілі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


