Темекі індеті - адамзат тарихындағы адамдар денсаулығына төнетін ең күрделі қауіптердің бірі. Ол жыл сайын 7 миллионнан астам адамның өмірін қиятыны, онын ішінде шамамен 1,6 миллионы темекі түтінінің жанама әсеріне ұшырайтын, яғни темекі шекпейтін адамдар екендігі – кім-кімді де алаңдататын деректер. Оның алдын алудағы әрекеттің бірі ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДУ) 1987 жылы жаһандық назарды темекі індетіне және оның өлімге әкелетін салдарына аудару мақсатында Дүниежүзілік темекісіз күнін бекітті. Бұл күн содан бері 31 мамырда жыл сайын аталып өтіп келеді. Мақсат - темекі тұтынумен байланысты денсаулыққа төнетін қауіптер мен темекі тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді саясат шараларына назар аудару.
Әлемде темекіні тұтынудың ең кең таралған түрі - темекі шегу. Ал ол еңбекке қабілеттіліктен айырылуға, ерте мүгедектікке және өлімге әкелетін көптеген созылмалы инфекциялық емес аурулардың және олармен байланысты асқынулардың пайда болуы мен үдеуінің негізгі себептерінің бірі әрі халыктың елеулі бөлігін қамтиды. Ересектер арасында темекі өнімдерін тұтыну әртүрлі онкологиялық ауруларды, тыныс алу жүйесі ауруларын және жүрек-қантамыр ауруларын қоса алғанда, бірқатар созылмалы аурулардың негізгі қауіп факторларының біріне айналды. Егер ересек темекі шегушілер темекіден бас тартпаса, бұл зиянды тәуелділіктің әсерінен болатын өлім-жітім саны арта береді, ал шылым шегушілер саны тек темекі шегуді бастаған адамдар саны азайған жағдайда ғана төмендеуі мүмкін.
Темекі өнеркәсібі тұтынушыларды тек дәстүрлі темекіге ғана емес, сонымен қатар олардың электрондық баламаларына, никотинді «паучтерге», қыздырылатын темекі өнімдеріне және адам денсаулығына, әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақ – жастар мен жасөспірімдердің денсаулығына үнемі зиян келтіретін өзге де жаңа өнімдерге тәуелді ету мақсатында нарыққа үнемі жаңа өнімдер мен технологияларды шығарып отырады. Электрондық темекілердің (вейптердің) көптеген түрлері бар.Балалар мен жастар арасында электрондық темекілерді қолданудың артуы ерекше алаңдатады. Электрондық темекілерді пайдалану кезінде бөлінетін өнімдердің құрамында әдетте никотин және пайдаланушыларға да, аэрозольдердің жанама әсеріне ұшырайтын айналасындағы адамдарға да зиян келтіретін өзге де улы заттар болады. Кейбір никотинсіз деп көрсетілетін өнімдердің шын мәнінде никотин құрамайтыны емес, керісінше құрамында никотин бар екені анықталған. Никотинді жастықшалар (паучтар) – қызыл иек пен еріннің арасына салынатын шағын қалташа, нәтижесінде никотин ауыз қуысының шырышты қабаты арқылы сіңеді. Әдетте олардың құрамында никотин, хош иістендіргіштер, тәттілендіргіштер және басқа да қоспалар болады.
Никотин күшті тәуелділік туғызады және денсаулыққа зиянды. Сонымен қатар эпидемиологиялық зерттеулердің сапалы деректері электрондық темекілерді пайдалану, әсіресе темекі шекпейтін жастар арасында, кәдімгі темекіні тұтыну деңгейін шамамен үш есеге арттыратынын тұрақты түрде көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта 88 елде электрондық темекілерді сатып алуға қатысты ең төменгі жас шектеуі белгіленбеген, ал 74 елде бұл зиянды өнімдерге қатысты нормативтік ережелер мүлдем жоқ. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтаудың жаһандық мақсаттарына берік ұстанымын көрсетіп, темекі мен никотин өнімдерін тұтынуды шектеуге бағытталған озық әрі қатаң заңнамалық шараларды жүйелі түрде енгізуде. Мемлекеттік саясат тек дәстүрлі темекі шегуді азайтуға ғана емес, сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында никотинді жеткізудің баламалы тәсілдерінің таралуына байланысты жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу мен оларды қатаң шектеуге бағытталған. Бұл ретте жас ұрпақты қорғаудағы маңызды тарихи қадамдардың бірі - электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салудың енгізілуі болды. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 19 сәуірдегі №74-VIII ҚРЗ сәйкес 2024 жылғы 20 маусымнан бастап елде электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым ресми түрде енгізілді. Аталған тыйымды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Жалпы, темекі шегу – жастың да, кәрінің де саулығына орасан зиян шектіретіні дәлелденген жайт. Оған қарсы қолға алынған шаралардың, соның ішінде түсінік жұмыстарының да тұрақты жүруінің нәтижесінде одан бәріміз де хабардармыз. Ендеше сол бір зиянды әрекеттен сақтануға, өз саулығымызды қорғап, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтыла білсек ғанибет.
Жанаргүл САРСЕНГАЛИЕВА,
аудандық аурухананың психиатр нарколог медбикесі


