Бүгінде интернет күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Ақша аудару, тауар сатып алу, банк қызметін пайдалану, қажетті ақпаратты іздеу – барлығы дерлік ұялы телефон арқылы орындалады. Алайда цифрлық мүмкіндіктер кеңейген сайын интернеттегі алаяқтықтың да түрі көбейіп, тәсілдері күрделене түсті. Бір ғана сілтемеге өту немесе бейтаныс қоңырауға сену қаржылық шығынға ұрындыруы мүмкін.
Қамысқалалық студент Жасмин Сембі мұны өз тәжірибесінен түсінді. Оған WhatsApp желісі арқылы бейтаныс нөмірден сілтеме келген. Сілтемеге кіргеннен кейін алаяқтар одан телефонға келген кодты сұраған. Қауіптің барын аңғармай, кодты айтып қойған сәтте есепшотындағы 50 мың теңгесінен айырылған.
– Мен де интернет алаяқтарының құрбаны болдым. WhatsApp арқылы бейтаныс нөмірден сілтеме келді. Оған кірген соң, артынша келген кодты сұрады. Байқамай айтып қойдым. Соның салдарынан Kaspi-дегі 50 мың теңгем алынды. Оқиғадан кейін бірден полицияға хабарластым. Қызметкерлер жағдайды бақылауға алып, тиісті жұмыстар жүргізді. Қазіргі таңда қаражатымды қайтарып алдым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Енді бейтаныс сілтемелерге кірмеймін, ешкімге SMS арқылы келген кодты айтпаймын,-дейді ол.
Алаяқтар көбіне адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдаланады. Кең тараған тәсілдердің бірі – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып қоңырау шалу. «Шотыңыздан күмәнді операция жасалды», «картаңыз бұғатталады», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деген сөздер арқылы азаматты шұғыл әрекет етуге итермелейді. Кейін карта деректерін, құпия сөздерді немесе SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды.
Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетовтің айтуынша, мұндай жағдайда ең бастысы – сабыр сақтап, жеке мәліметтерді қорғау.
– Азаматтар ең алдымен асығыс шешім қабылдамауы керек. Телефон арқылы өзін банк, полиция немесе басқа мекеме қызметкері ретінде таныстырған адамның сөзіне бірден сенуге болмайды. Құпия сөздерді, банк картасының деректерін және SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамға беруге болмайды. Күмән туындаған жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс,-дейді маман.
Интернет алаяқтығының тағы бір кең тараған түрі – жалған сайттар мен күмәнді сілтемелер. «Сыйлық ұтып алдыңыз», «төлемді растаңыз», «жеке кабинетке кіріңіз» деген мазмұндағы хабарламалар адамды түпнұсқа сайтқа ұқсатып жасалған жалған парақшаға бағыттауы мүмкін. Мұндай ресурстарда банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV коды немесе SMS арқылы келген растау коды сұралады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалардан да сақ болған жөн. Арзан бағамен тауар ұсыну, жоғары табыс әкелетін жұмысқа шақыру, жеңіл несие немесе түрлі жүлде туралы хабарландырулар арқылы алаяқтар азаматтардың қызығушылығын пайдаланады. Сенімге кірген соң алдын ала төлем жасауды немесе қаржылық деректерді беруді талап етеді.
Мұндай жағдайлардың алдын алуда қарапайым сақтық шараларының маңызы зор. Бейтаныс адамның қоңырауына бірден сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке және банк деректерін бөгдеге айтпау, ақпаратты тек ресми дереккөзден тексеру қажет. Интернеттен бас тарту мүмкін емес. Бірақ оны қауіпсіз пайдалану әр азаматтың өзіне байланысты. Кейде бірнеше секунд ойланып, сілтемені ашпай қоюдың өзі қомақты қаржылық шығыннан сақтайды.
Жұлдыз СЕМБИЕВА


