Биыл аудан бойынша 11 орта мектептен 302 түлекке соңғы қоңырау соғылды. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, 2025–2026 оқу жылын 1-11 сыныптарда 290 сынып комплектісімен 5021 оқушымен бастаған аудан мектептері оқу жылын 16 жалпы білім беретін мектепте 5080 оқушымен қорытындыламақ. Ал бітіруші түлектердің 292-сі Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңіне қатысуға өтініш беріп, құжаттары Ұлттық тестілеу орталығының базасына қабылданған. Бұл аудан түлектерінің алдағы білім бәйгесіне үлкен дайындықпен қадам басып отырғанын аңғартады.

Аудан мектептерінде өткен соңғы қоңырау салтанаты биыл ерекше әсерге толы болды. Соның бірі — Аққыстау орта мектебіндегі мерекелік шара. Салтанатты кешке аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздар мен ата-аналарға ізгі лебізін білдірді. Аудан басшысы жастардың сапалы білім алып, ел болашағына қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.

Биылғы оқу жылының өзіндік ерекшелігі де аз емес. Исатай ауданы білім бөліміне қарасты мектеп-гимназияда соңғы қоңырау салтанаты биыл үшінші рет өткізілді. Алайда бұл жолғы мерекенің тарихи маңызы ерекше болды. Өйткені білім ордасы алғашқы түлектерін үлкен өмірге қанаттандырып отыр.

Мектеп-гимназия 2023 жылы пайдалануға беріліп, алғаш ашылған кезде 167 оқушыны қабылдаған болатын. Бүгінде мұнда 292 оқушы білім алуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған мектепте оқу үдерісі түске дейін жүргізілсе, түстен кейін оқушылардың қосымша білім алуына, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ал осы білім шаңырағының алғашқы түлектерінің саны — 12 шәкірт.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудандық білім бөлімі басшысы Гүлайна Махмудақызы бұл күннің тарихи мәніне ерекше тоқталды.
— 2023 жыл — аудан білімі тарихындағы ерекше кезеңдердің бірі болды. Сол жылы жаңа мектеп-гимназияның есігі айқара ашылып, білімге құштар жасөспірімдер үлкен үмітпен осы шаңырақтың табалдырығын аттады. Бүгін, міне, сол оқушылар алғашқы түлектер ретінде қанаттанып, үлкен өмірге жол алып барады. Бұл — тек мектеп ұжымы үшін ғана емес, бүкіл аудан жұртшылығы үшін зор мақтаныш. Сіздер білім нәрімен сусындаған қасиетті орданың алғашқы қарлығаштары ретінде әрдайым тарихта қаласыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын болып, биік белестерді бағындыра беріңіздер! — деді ол.

Кеш барысында алғашқы түлектер тарихи сәттің естелігі ретінде «Мектеп альбомының» алғашқы бетін толтырып, білім ордасының басшысы Тәбилә Игібайқызына табыстады.

Әсерлі әуендер шырқалып, ұстаздарға деген құрмет пен мектепке деген сағынышқа толы жүрекжарды лебіздер айтылды.

11-сынып оқушылары 3-сынып бүлдіршіндеріне білім жолында сәттілік тілеп, кітап сыйласа, 9-сынып оқушыларына «білім кілтін» салтанатты түрде аманаттады.

Ал шараның ең әсерлі сәтінде алғашқы түлектер түгелдей жиналып, соңғы қоңырауды бірге соқты. Салтанатты кеш соңында барлық оқушылар мен ұстаздар мектеп-гимназияның гимнін бірге шырқап, кезекті оқу жылын жоғары деңгейде аяқтағандарына қуанды.

Әсем әуенмен астасқан сол сәтте мектеп ауласын қимастық сезімі мен болашаққа деген сенім кернеді. Ұстаздар шәкірттеріне ақ жол тілеп, түлектер алтын ұясына деген шексіз алғыстарын білдірді.

Соңғы қоңырау — әр түлектің жүрегінде мәңгі сақталатын, жылдар өте келе сағынышпен еске алынатын ерекше күн.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН


