Сот төрелігіне қызмет еткен он жыл

 

Әділдік – кез келген қоғамның берік тұғыры, мемлекет тұрақтылығының басты кепілі. Ал сол әділдіктің салтанат құруына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Себебі сот төрелігін жүзеге асыру – жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен биік адамгершілікті талап ететін өмірлік ұстаным. Судья болу – адамның тағдырына тікелей әсер ететін маңызды шешімдер қабылдау деген сөз. Бұл қызмет иесінен заңды жетік білуді ғана емес, ар тазалығын, әділдікті, сабыр мен парасатты қатар талап етеді. Өйткені оның әрбір шешімінің адамның тағдырына, қоғамның заңға деген сеніміне ықпалы зор. Судьялық қызмет жынысқа немесе атаққа байланысты емес. Ол – заңға адалдықтың, ар-ождан тазалығының және қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. 

Судья және сот қызметкерлері күні қарсаңында заң мен тәртіпті ту етіп, сот төрелігінің сапалы жүзеге асуына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – Исатай аудандық сотының төрағасы Мерлан Рахметоллаұлы Құсайынов туралы айтуды жөн көрдік. Он алты жылдан астам уақытын сот саласына арнаған Мерлан Рахметоллаұлы кәсіби біліктілігімен, әділдігімен және адамгершілік қасиеттерімен әріптестері арасында зор құрметке ие. Ол заң талаптарын қатаң сақтай отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында табанды еңбек етіп келеді.

Мерлан Рахметоллаұлының балалық шағы туған жердің дарқан даласында өтіп, жастық кезеңі елдік рух пен ұлттық құндылықтарға сусындаумен қалыптасты. Аққыстау орта мектебінде білім алған жылдардан-ақ ол зеректігімен, жауапкершілігімен және алға қойған мақсатына деген табандылығымен ерекшеленді. Кейіпкеріміз қарапайым еңбек адамдары тәрбиелеген отбасында дүниеге келген. Әкесі ұзақ жылдар мұнай саласында абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысында. Анасы да саналы ғұмырын отбасы мен бала тәрбиесіне арнаған, бүгінде зейнет жасындағы ардақты жан. Болашақ мамандығын таңдауда ата-анасы ұлының қалауына қарсы болмаған. Дегенмен анасының жүрегінде ұлының әке жолын жалғап, мұнайшы атанғанын қалайтын арман болғаны жасырын емес. Бірақ Мерлан Рахметоллаұлы заң саласын таңдауды жөн көрді, болашақ мамандығын ерте айқындаған жас өреннің арманы заң саласында қызмет ету еді. Көпшілік бала қиялы уақыт өте өзгереді деседі. Алайда оның жүрегінде бала күнінен ұялаған арман жылдар өткен сайын айқын мақсатқа айналып, оны үлкен өмір жолына жетеледі.

– Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалімдеріміз «Болашақта кім боласың?» деп жиі сұрайтын. Сонда қатарластарым бірі дәрігер, бірі мұғалім, енді бірі өрт сөндіруші болғысы келетінін айтатын. Ал мен судьяның қызметін толық түсінбесем де, еш ойланбастан «судья болғым келеді» деп жауап беретінмін. Сол кезде орындалмастай көрінген бала арманының бүгінде өмірлік жолыма айналғанын ойласам, арманға адал болудың құдіретін сезінемін. Қазір сол қызметтің бел ортасында жүргенім бос қиялдың емес, табанды еңбектің жемісі, – дейді ол өткен күндерді еске алып.

Осылайша бала күнгі арманына берік болған жас талапкер білім жолында табандылық танытты, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін тәмамдап, заң бакалавры дәрежесін иеленді. Бұл оның әділдік пен заңдылықты өмірлік мұрат еткен үлкен жолының бастауына айналды. 

Еңбек жолын 2008 жылы Исатай аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметінен бастаған жас маман қоғамдық жауапкершіліктің мәнін ерте ұғынды. Жасөспірімдердің тағдырына алаңдап, олардың дұрыс бағытта қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсаған ол әрбір істің артында адам тағдыры, әрбір шешімнің артында өмірлік сабақ жатқанын терең сезінді. Бұл қызмет оның кәсіби ғана емес, азаматтық ұстанымының да қалыптасуына ықпал етті. Кейін ол сот саласына қадам басып, 2010-2016 жылдар аралығында аудандық сотта сот отырысының хатшысы қызметін атқарды. Осы кезеңде құқық жүйесінің ішкі тетіктерін жан-жақты меңгеріп, мол тәжірибе жинақтады. Заң талаптарын терең игеруге деген ұмтылыс, үздіксіз ізденіс пен адал еңбек оның кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерді. Сол еңбектің заңды жемісі ретінде 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысындағы Теректі аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды. Бұл – оның білімі мен біліктілігіне, кәсіби даярлығы мен адамгершілік қасиеттеріне деген жоғары сенімнің көрінісі еді. 

– Судьялық еңбек жолымды Батыс Қазақстан облысындағы аудандық сотында бастадым. Ол жақта қаралатын істердің басым бөлігі, яки 90 пайызы орыс тілінде жүргізілетін. Бастапқыда, әсіресе, тілдік ортаға бейімделу оңайға соқпады. Өйткені қазақ мектебінде білім алып, жоғары оқу орнын да қазақ тілінде тәмамдадым. Бірақ үздіксіз ізденіс пен еңбектің арқасында бұл кедергілерді еңсеріп, қысқа уақыт ішінде еркін жұмыс істей бастадым. Теректі ауданында түрлі этнос өкілдері тұратындықтан, әріптестер арасындағы қарым-қатынас та көбіне орыс тілінде өрбитін. Кейін туған жерге оралған кезімде орыс тілінде жиірек сөйлеп кеткенімді байқадым. Уақыт өте келе қазақы ортаға қайта сіңісіп, ана тілімнің аясына толық оралдым. Жалпы заң алдында ғана емес, адамгершілік алдында да жауаптымын, – дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Жас маман үшін Теректі ауданындағы алғашқы қызмет жылдары үлкен тәжірибе мектебі болды. Әртүрлі тағдырлар мен сан қилы істерді саралау, көпұлтты ортада еңбек ету, жаңа ортаға бейімделу оның кәсіби шыңдалуына ықпал етті. Сол кезеңде жинақталған тәжірибе кейінгі қызмет жолында берік негіз қалыптастырып, судья ретінде қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Сонымен бірге судьялық қызметінде ол заң үстемдігін берік ұстанып, әрбір іске байыппен қарап, әділ шешімдерімен, салмақты көзқарасымен әріптестерінің де, тұрғындардың да құрметіне ие болды. Ал 2022 жылдың шілде айында тағдыр жолы оны қайтадан туған өлкесіне алып келді. Осы кезде Исатай аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалуы оның кәсіби жолындағы маңызды белестердің бірі болды. Бүгінде кейіпкеріміз аудандық сот жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сот төрелігінің ашықтығы мен әділдігін нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

Мерлан Рахметоллаұлының әр жетістігінің артында қажырлы еңбек, биік мақсат пен адалдық жатқанын аңғарамыз. Қызмет барысында салмақтылық пен сабырды серік еткен азамат үшін заңға қызмет ету – жауапты ұстаным.
Қоғамның сенімі мен құрметіне ие болған тұлға отбасында да ардақты әке. Жан жарымен бірге үш ұл тәрбиелеп отырған ол балаларының бойына адамгершілік пен адалдық қасиеттерін сіңіріп келеді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы оның еңбегі халық игілігіне бағытталған маңызды қызметтің айқын көрінісі болып қала бермек.

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT