Тамыз айының үшінші жексенбісі – ел күнтізбесіндегі айрықша мерекелердің бірі. Спорт күні кәсіби спортшылардың жеңісін ғана емес, денсаулықты өмір салтының берік ұстанымына айналдырған әр азаматтың жігерін дәріптейді. Өйткені спорт – медаль мен марапаттан бұрын адамды тәртіпке, табандылыққа, жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп.
Осы айтулы күнге орай Х.Ерғалиев ауылындағы Рысбай Ғабдиев саябағында «Салауатты ұлт – жарқын болашақ» атты мерекелік шара өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған жиын спорт саласының үздіктерін ұлықтап қана қоймай, аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мазмұнды мерекеге ұласты.

Салтанатты шараның шымылдығын аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, спортшылар мен сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – жастардың спортқа деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығын айқындайтын ерекше мереке. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп, жасөспірімдерге қолайлы жағдай жасалуда. Жаңа спорттық нысандар салынып, заманауи инфрақұрылым дамып келеді. Ең бастысы, қоғамның спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – біздің болашағымызға салынған инвестиция. Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс пен жаңа жеңістер тілеймін, – деді аудан әкімі.

Мереке төрінде спорт саласында маңдай терімен еңбек етіп, аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі еленді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сәлімгерей Қуанышқалиұлы, Әміржан Ғарифуллаұлы, Заманбек Сиғуатұлы, Назгүл Адилова, Анель Алхамқызы, Мирас Бақытбекұлы, Рахим Сүйеуғали, Баубек Бейбітбекұлы және Дамир Серікболатұлы марапат иеленді.

Сондай-ақ футболдан аудан намысын абыроймен қорғап жүрген командалардың жетістігі де назардан тыс қалмады. 2025 жылғы жазғы лига ойындарының жеңімпазы «Қамысқала» командасы мен биылғы лиганың жеңімпазы «Даллас» арасында өткен Суперкубок бәсекесінде жеңіске жеткен «Даллас» командасы арнайы марапатқа ие болды.

Жиынға арнайы келген облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайреденов те сөз алып, спортшыларды мерекемен құттықтап, бірқатар сала өкілдеріне марапат табыстады.
Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы бірлестігі төрайымының Құрмет грамотасымен Бекзада Меңдекенқызы, Самал Есеналиқызы, Бұлбұл Шугупанова, Азамат Аманбайұлы және Адилет Серікқалиұлы марапатталды.

Ал Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының Алғыс хатына Талғат Қожасұлы, Азамат Жанболатұлы, Эльдар Сансызбайұлы және Руслан Мерекеұлы ие болды.

Аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Жәнібек Ещанов та спортшыларды мерекемен құттықтап, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның атынан Жанбота Батырбекқызы, Даниель Темірбекұлы, Каусар Мейрамбекқызы, Таңшолпан Нұрбергенқызы, Анэль Ренатқызы, Әлиахмет Нұрбекұлы, Алихан Төреханұлы, Жұлдыз Ринатқызы, Мерей Ғабиденұлы, Бегарыс Мейрамбекұлы, Ибраһим Есетұлы және Нұртілек Тарғынұлы аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімі аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлының қатысуымен жалғасты. Алтынгүл Болатбекқызы, Орынбасар Жантілекұлы, Ахмад Саламатұлы, Бекнұр Бекдосұлы, Сандеш Мұратқызы, Ықылас Нұржанұлы, Нұрай Нұрланқызы, Асылым Аманжолқызы, Еркеназ Хадимқызы және Айнара Ерланқызына да марапаттар табысталды.

Бұл күні сахна төрі де спорт мерекесінің сәнін кіргізген өнерпаздарға берілді. «Жалын» би тобының орындауындағы «Қазақ» биі көрерменнің қошеметіне бөленсе, Айдана Бақытова, «Қыздар» квартеті, Асылжан Шаяхмет, Ақтолқын Бақытжанқызы және Новобогат орта мектебінің оқушыларынан құралған «Шабыт» тобы әсем әндерімен мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Мерекенің мәнін арттырған сәттердің бірі – жас спортшылардың жетістігін көру болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінің жаттықтырушысы Азамат Сұңғатов шәкірттерінің жетістігіне тоқталып, спорттағы жеңістің артында ата-ана қолдауы мен жаттықтырушы еңбегінің қатар тұратынын атап өтті.
– Спорт күні құтты болсын! Шәкірттерім Таңшолпан Нұрбергенқызы мен Әлиахмет Нұрбекұлының бүгін марапатталғанына қуаныштымын. Оқушыларым Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін жүлдегері, күміс жүлдегер атанды. Бұл ретте ата-аналарға алғысым шексіз. Балаларына спортпен айналысуға мүмкіндік беріп, басқа қалалардағы жарыстарға барғанда бірге болып, әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл – бала үшін үлкен демеу, – дейді жаттықтырушы.

Спорттағы әр жетістік – бір күндік еңбектің нәтижесі емес. Оның артында күн сайынғы жаттығу, төзім, тәртіп, жеңілістен кейін қайта тұра білу және алға ұмтылу бар. Сондықтан Спорт күні – жүлде алғандарды ғана емес, спортқа ғашық етіп жүрген жаттықтырушыларды, баласының әр жарысына алаңдап бірге жүретін ата-аналарды, алаңда тер төгетін жасөспірімдерді де ұлықтайтын мереке.

Іс-шара барысында көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің басшылары мен сала мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Х.Ерғалиев ауылындағы мерекелік шара осылайша ән мен биге, ақжолтай тілек пен марапатқа ұласты. Ал саябақтағы спорт мерекесінің басты мәні бір ғана ойға тоғысты: дені сау ұрпақ – елдің ертеңі, ал спорт – сол ертеңге бастайтын сенімді жол.
Жұлдыз СЕМБИЕВА


