Спортшыларға құрмет көрсетілді

суреттер автордікі

 

Наурыз айында аудан абыройын асқақтатқан спортшыларға арналған құрмет қабылдауы өтті. Исатай ауданы әкімі Нұрым Мусин түрлі республикалық және өңірлік жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен командаларды қабылдап, олардың жетістіктерін ерекше атап өтті. Бұл кездесуде аудан спортының дамуы мен жас спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдау мәселелері де сөз болды. Қабылдауға Атырау қаласында өткен Атырау волейбол лигасының «В» дивизионында жеңімпаз атанған Тұщықұдық волейбол командасы, Астанада өткен футзалдан әуесқой командалар арасындағы Қазақстан Республикасының Х біріншілігінің «Күміс кубогын» жеңіп алып, чемпион атанған Қамысқала футзал командасы, сондай-ақ жекелей жетістікке жеткен бірқатар спортшылар қатысты. 

 

 

Сонымен қатар Атырау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық волейбол біріншілігінде күміс жүлде иеленген Нұрбекұлы Алиахмет, Ақтөбе қаласында өткен ел біріншілігінде волейболдан екінші мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атанған Нұрбергенқызы Таңшолпан, Түркістан облысында өткен ересектер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан кубогының қола жүлдегері Амангелдіқызы Шахризада бар. 

 

 

Кездесу барысында аудан әкімі спортшыларды құттықтап, олардың жеңістері өңірдегі жүйелі жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті.

— Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бүгінде ауданымызда спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Оның дәлелі – ауылдардағы ойын алаңдары мен көше тренажерлары ғана емес, заманауи спорт кешендерімен толық қамтылуымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда жүз пайыз орындалды деуге болады. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – осы еңбектің нақты нәтижесі. Осындай жеңістер арқылы біз спорт саласын одан әрі дамыту үшін қажетті қаржыны сеніммен сұрай аламыз, — деді аудан басшысы.

 

 

Кездесу барысында аудан әкімі командаларға және жекелей жетістікке жеткен спортшыларға Алғыс хат табыс етті. Командалық жарыстарда топ жарған спортшыларға арнайы сый-сияпаттар берілді.

 

 

Ал жекелей спортшыларға Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабекұлы 50 мың теңгелік сертификаттарды табыстады. Қабылдау соңында қамысқалалық футзалшылар өздеріне қолдау көрсеткен басшыларға алғыс ретінде естелік медалдарды сыйға тартты.

 

 

Бұл кездесу аудан спортшыларына көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, өңірде спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін айқын көрсеткен тағылымды шара болды.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT