Ұстаз еңбегі ұлықталған күн

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру мен педагог мәртебесін көтеруді мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде үнемі атап келеді. Өйткені елдің ертеңгі зияткерлік әлеуеті де, саналы әрі білімді ұрпақтың қалыптасуы да ұстаз еңбегімен тікелей байланысты.  Осы орайда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне арналған «USTAZ FEST 2026» мерекелік шарасы өтіп, білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтерге құрмет көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – ұстаз мәртебесін көтеру, педагог еңбегін дәріптеу, кәсіби жетістіктерін көпшілікке таныту және білім саласы мамандары арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту. Мерекелік жиынға аудан бойынша 34 білім беру мекемесінен 220-ға жуық педагог қатысты. Тағылымды шара бірнеше бағытты қамтыды. Алдымен мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары мен қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылып, жас өнерпаздардың ізденісі көпшілік назарына ұсынылды. Одан кейін білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне үлес қосқан 80-ге жуық педагог түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам дамуындағы және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөліне тоқталды. Білімді де саналы ұрпақ қалыптастыру жолындағы педагогтердің еңбегіне ризашылығын білдірді.

 

 

Марапат иелерінің қатарында саналы ғұмырының қырық жылын мектепке дейінгі білім беру саласына арнаған «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының ардагер ұстазы Алма Гибатулина да бар. Ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының грамотасымен марапатталды. 

– Биыл білім саласында еңбек етіп келе жатқаныма қырық жыл толып отыр. 1986 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Чапаев совхозындағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Он төрт жыл тәрбиеші қызметін атқарып, кейін әдіскер болдым. Одан соң он жыл бойы меңгерушілік қызмет атқардым. Осылайша мектепке дейінгі білім беру саласының барлық сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинадым. Бүгін осындай ауқымды шарада еңбегімнің еленіп, марапатқа ие болғанына қуаныштымын. Мұны ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі деп білемін.Ұстаз еңбегі әрдайым бағаланып, шәкірттеріміздің жетістігі еселене берсін, -дейді ардагер ұстаз.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, ұстаздар құрметіне әндер шырқалып, шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Осылайша «USTAZ FEST 2026» аудан педагогтерінің басын қосқан мерекелік шара ғана емес, ұстаз еңбегінің қоғам үшін маңызын айқындап, білім саласына саналы ғұмырын арнаған мамандарға құрмет көрсеткен тағылымды басқосуға айналды.

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT