Ұстаз жүрегі – ел болашағымен бірге

 

Исатай ауданындағы №139 референдум учаскесінде ауданға танымал, білім саласының ардагері Әлия Фазылқызы келінімен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысқан ардагер ұстаз азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.

Әлия Фазылқызы – бар саналы ғұмырын жас ұрпақтың білім алып, тәрбиелі болып өсуіне арнаған білікті ұстаздардың бірі. Ұзақ жылдар білім саласында қызмет етіп, талай шәкірттің үлкен өмірге қадам басуына жол ашқан ұстаз аудан жұртшылығына жақсы таныс.

Қарабалиндер отбасы да өңірге белгілі әулеттердің бірі. Әлия апайдың жұбайы теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер ретінде елге сыйлы азамат болған. Бүгінде отбасының өнегелі жолын ұрпақтары жалғастырып келеді.

Референдум күні келінімен бірге дауыс беруге келген ардагер ұстаз ел болашағына бейжай қарамайтынын айтып, әр азаматтың мұндай маңызды науқанда өз таңдауын жасауы маңызды екенін жеткізді.

– Еліміздің ертеңі үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан халық болып осындай маңызды шешімдерге қатысу – азаматтық парыз,-деді ол.

Саналы ғұмырын білімге арнаған Әлия Фазылқызының бұл қадамы кейінгі буынға үлгі болары анық. Ұстаздың елдік іске бейжай қарамай, референдумға қатысуы қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымның көрінісі болды.

Айта кетейік, №139 референдум учаскесінде 938 дауыс беруші азамат тіркелген.

 

Ж.ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT