Ұстаздар өнерімен өрнектелген кеш

 

Кезекті бейсенбі кешінде Аққыстау тұрғындары әсем ән мен күмбірлеген күйге бөленіп, ерекше рухани әсерге кенелді. Аудандық білім бөліміне қарасты мекемелердің ұйымдастыруымен «Туған жер – өнер өлкесі» атты мерекелік концерттік бағдарлама көрерменге жол тартты.

 

 

Өнер кешінің шымылдығы Исатай аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен түрілді. Құлақтан кіріп, жүрекке жеткен әсем әуен көрермен көңілін бірден баурап, кештің сәнін келтірді.

 

 

Шара барысында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Нұрым Мусин жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдіріп, өнердің ел рухын көтерудегі маңызын атап өтті.

 

 

Сондай-ақ, ауылдастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнерлі ұжымдастарға ризашылығын жеткізіп, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрмағалиеваға Алғыс хат табыстады. 

 

 

 

Кеш барысында аудандық білім бөліміне қарасты мекемелердің өнерпаздары ән айтып, күй тартып, түрлі шығармашылық қойылымдар ұсынды.

 

 

Әрбір өнер нөмірі көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп, бейсенбілік кештің ажарын аша түсті.

 

 

Әуезді ән мен әсерлі күйге ұласқан бұл кеш Аққыстау тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, туған жерге деген сүйіспеншілікті өнер арқылы паш еткен тағылымды шара болды.

 

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT