«Ұстаздың кәсіби шеберлігі айрықша маңызды» Гүлайна Құрманғалиева ел ұстаздары бас қосқан жиында

 

Елорда төрінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Тамыз конференциясы биыл да білім саласының өзекті мәселелерін ортаға салып, ұстаздар қауымын ортақ мақсатқа тоғыстырды. Биылғы алқалы жиын «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды.

Тәуелсіздік сарайында өткен республикалық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен білім саласының мамандары, педагогтер мен сарапшылар жиналды. 600-ге жуық маман бас қосқан маңызды жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі басқосудың ашылуымен құттықтады.

 

 

Тамыз конференциясы – елдің білім беру саласының бүгінгі бағытын саралап, ертеңгі міндеттерін айқындайтын маңызды алаң. Өйткені қоғамның өзгеруі ең алдымен білімге деген көзқарастан басталады. Ал білімнің сапасы – оны ұрпақ бойына сіңіретін ұстаздың білімі мен білігіне тікелей байланысты.

Ауқымды басқосуға Атырау облысының педагогтер делегациясы да қатысты. Делегация құрамында Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева болып, ел ұстаздарымен бірге білім саласының келешегіне қатысты маңызды мәселелерді талқылауға атсалысты. Айта кетейік, облыстық Тамыз кеңесінде ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.

– Мемлекет басшысының қатысуымен өткен маңызды жиын – еліміздің білім беру жүйесінің жаңа кезеңдегі даму бағдарын айқындайтын стратегиялық алаң. Басқосуда адам капиталын дамыту, білім сапасын арттыру, педагогтің кәсіби әлеуетін күшейту, өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие мен заманауи білім беру, білім саласына инновациялық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Өзімізге үлкен ксенім мен жігер алдық, – дейді Гүлайна Махмудақызы.

 

 

Шын мәнінде, бүгінгі білім беру жүйесіне қойылатын талап бұрынғыдан да жоғары. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп жатқан кезеңде мектеп те уақыт талабынан тыс қала алмайды. Дегенмен технология қанша дамыса да, ұстаздың орнын алмастыра алмайтын құндылықтар бар. Ол – балаға бағыт беру, оның бойындағы қабілетті танып, тұлғалық қасиетін қалыптастыру, біліммен қатар адамгершілікке тәрбиелеу.

Адам капиталы – мемлекеттің ең маңызды байлығы. Ал сол капиталдың негізі мектеп қабырғасында қаланады. Бүгінгі оқушының алған білімі, қалыптасқан көзқарасы мен азаматтық ұстанымы – ертеңгі ел дамуының көрсеткішіне айналады.

– Адам капиталы – ел дамуының басты ресурсы. Білім – сол әлеуетті қалыптастыратын негіз. Ал прогресс – білім мен білікті, жаңашыл ой мен жауапкершілікті нақты нәтижеге айналдыратын күш. Бүгінгі таңда білім беру саласының алдына қойылған міндет – өзгермелі әлем жағдайында бәсекеге қабілетті, білімді, отаншыл әрі жауапты тұлға қалыптастыру. Бұл үдерісте ұстаздың кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы айрықша маңызға ие. Міне осы бағытта ой жиында кеңінен талқыланып, біраз ақпаратқа қанықтық,-дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

 

 

Осы тұрғыдан алғанда, Тамыз конференциясында көтерілген мәселелердің салмағы да, маңызы да ерекше. Мұнда сөз болған әр бастама мектеп өміріне, мұғалімнің кәсіби дамуына, оқушының сапалы білім алуына бағытталады.

Жаңа оқу жылы – жаңа міндеттердің бастауы. Ал сол міндеттерді абыроймен атқару ұстаздан ізденісті, білімнен жаңашылдықты, қоғамнан қолдауды талап етеді. Республикалық Тамыз конференциясында айқындалған басым бағыттар осы үдеден шығуға жол ашып, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге және педагог мәртебесін одан әрі нығайтуға берік негіз болмақ.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT