Жазғы демалыс кезінде аптап ыстықтан сая іздеген тұрғындардың су айдындарына баруы жиілейді. Алайда салқын суға шомылу көңіл көтерудің ғана емес, қауіпсіздікке мұқият болуды талап ететін жауапты сәт. Өкінішке қарай, судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеу, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерлерде шомылу салдарынан орын алады.
Осыған байланысты ауданның төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға маңызды ескерту жасайды. Аудан аумағында суға шомылуға арналған ресми түрде белгіленген және пайдалануға берілген жағажайлар мен суға шомылу орындары жоқ. Сондықтан тұрғындар мен аудан қонақтарына су айдындарында шомылудан бас тарту ұсынылады.
Белгіленбеген су орындарының қауіптілігі – мұнда су түбінің жағдайы алдын ала зерттелмеген. Көзге көрінбейтін терең шұңқырлар, батпақты учаскелер, өткір заттар, қатты ағыс секілді қауіптер болуы мүмкін. Сырт көзге тыныш көрінген су айдынының өзі күтпеген жағдайға әкелуі ықтимал.
Судағы қауіпсіздік мәселесінде балаларға ерекше назар қажет. Кішкентай баланың суға қызығушылығы бір сәтте қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан баланы су жағасына жалғыз жіберуге, тіпті таяз суда болса да, ересектердің бақылауынсыз қалдыруға болмайды.
Ата-аналар мен ересектер баланың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, су маңындағы тәртіпті алдын ала түсіндіргені жөн. Бір сәттік алаңдаушылықтың өзі орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Төтенше жағдайлар мамандары су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда:
* Исатай ауданы аумағында ресми белгіленген шомылу орындары болмағандықтан, су айдындарында шомылмаңыз;
* мас күйінде суға түспеңіз;
* балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыз;
* жүзуді білмейтін адамдар құтқару кеудешесін пайдалануы қажет;
* белгісіз жерлерде суға секірмеңіз және су түбін тексермей суға түспеңіз;
* қатты жел, дауыл немесе найзағай кезінде суға жақындамаңыз;
* қайықпен немесе шағын жүзу құралдарымен жүргенде құтқару кеудешесін міндетті түрде киіңіз;
* судағы қауіпті ойындарға жол бермеңіз, бір-біріңізді суға итермеңіз.
Жазғы демалыстың қызығы қауіпсіздік ережесінен басталады. Суға байланысты қауіптің алдын алу тек төтенше жағдайлар қызметінің емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін қатерге тікпей, қауіпсіздік талаптарын сақтаған жөн.
Ашият АСЫЛБЕК,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімі инженері, азаматтық қорғау лейтенанты


